Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Берешек 18 миллиард теңгеге жеткен": Қазақстанда алиментті жемқорлардың есебінен төлеу басталуы мүмкін

ақша
Фото: Stan.kz

Қазақстанда алимент бойынша берешек 18 миллиард теңгеге жеткен. Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов алимент қорын құруды ұсынып, заңдағы олқылықтарды жою керегін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Магеррам Магеррамовтың айтуынша, алимент қарызы ресми түрде 18 миллиард теңге болғанымен, толық есептегенде бұл сома екі есеге дейін артуы ықтимал.

“Уәкілетті органдардың дерегіне сәйкес, алиментке қатысты атқарушылық құжаттар бойынша жалпы берешек көлемі 18 миллиард теңгеге жеткен. Бұл қаржы мүлде төлемейтін немесе 3 айдан астам уақыт төлемегендерге қатысты көрсеткіш. Алайда нақты қарыз көлемін түсіну үшін айына бір рет немесе екі айда бір рет төлейтіндерді, тиесілі сомадан әлдеқайда аз төлейтіндерді де есепке алу қажет. Мұндай жағдайда жалпы берешек көлемі кемінде екі есе артуы мүмкін”, – дейді депутат. 

Депутат осыншама қарыздың артында қолдауға мұқтаж балалар тағдыры тұрғанын айтты. 

“Алиментке мұқтаждардың үлесі небәрі 4% деп көрсетіледі. Бұл аз көрінгенімен, шын мәнінде бұл – 300 мыңнан астам бала. Балалар пайдасына алимент өндіріп алу мәселесі бүгінде жүйелі әлеуметтік мәселеге айналып отыр. Ол қоғамның ең осал санаттарына әйелдер мен балаларға тікелей әсер етеді”, – деді депутат. 

Сонымен қатар депутат бұрынғы жұбайлынан алимент өндіруде қиындыққа тап болған әйелдерден өтініш көп түсетінін айтты. 

“Әсіресе, олардың ішінде мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар аз емес. Мұндай отбасылар баланың күнделікті қажеттілігінен бөлек, күтім мен оңалтуға да қосымша шығын шығарады. Неліктен әйелдер сот шешімімен бекітілген алиментті өндіру үшін түрлі мекемелердің табалдырығын тоздыруға мәжбүр? Неліктен ерекше қамқорлықты қажет ететіндер іс жүзінде қолдаусыз қалып отыр? Мұндай жағдайда әйелді бұл мәселеде жалғыз қалдыру, оларды әлеуметтік тығырыққа тіреу және психологиялық күйзеліске ұшырату деген сөз”, – дейді депутат. 

Осылай деген депутат мемлекеттік алимент қорын құруды ұсынды. Сонымен қатар алимент төлеуден жалтаруға мүмкіндік беретін заңнамалық олқылықтарды жою керегін айтты. 

“Қорды салықтан тыс түсетін қаражат есебінен, заңсыз алынған активтерді қайтарудан қалыптастырылатын арнайы мемлекеттік қордың ақшасы арқылы қаржыландыруға болады. Бұл қаражат балалардың игілігіне жұмсалуы тиіс. Мұндай тәсіл бір жағынан қордың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Ал екінші жағынан әлеуметтік тұрғыдан аса маңызды мәселені шешуге мүмкіндік береді”, – деді депутат. 

Депутат егер ата-ана өз міндетін орындамаса, онда мемлекет баланың құқығы мен заңды мүдделерін қорғауға міндетті екенін айтты. 

“Үкіметтің бұл мәселеге қатысты ұстанымы түсініксіз. Алимент қорын құруға қарсы негізгі уәж “тәуелділік көңіл-күйін қалыптастыру қаупі”. Алайда үкіметтің бұл мәселені түбегейлі шеше алмауы керісінше жауапсыздықтың күшеюіне алып келді. Қарыз көлемі соның дәлелі. Мұнда тәуелділіктен емес, керісінше балалар алдындағы жауапкершіліктің төмендеуінен қауіптену керек”, – деді депутат. 

Сонымен қатар депутат үкіметтен осы депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруді сұрады.

Айта кетейік, бұған дейін Шетелде жүрген азаматтардың Қазақстандағы балаларына қанша алимент берешегі бар екені туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 22 Сәуір, 2026 17:06