Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда бетперде киіп, пышақ ұстаған жасөспірімдер тұрғындарды шошытты (видео)

Бетпетде киген жасөспірімдер
Фото: Видеодан скрин

Алматыда бетперде киіп, пышақ ұстаған жасөспірімдер тұрғындарды шошытқан. Оқушылардың ата-аналарына айыппұл салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әлеуметтік желілерде беттеріне маска таққан жасөспірімдердің қорқынышты әрекеттері түсірілген видео жарияланған. Алматылықтар беттеріне маска тағып, қолдарына пышақ ұстаған балаларды қаланың басқа аудандарынан да көргендерін айтып, шағымданған.

"Бұл топ Шевченко көшесіндегі Ганди атындағы саябаққа жиналған. Олардың арасында шамамен 12-13 жастағы бір бала жиналмалы пышақ ұстап, досының артынан жүгірген. Кейін басқа бір баланың жанына келіп “Бетіңді тіліп жіберейін бе?” деп сұрады", – делінген жазбада.

Полиция қызметкерлері оқиғаға қатысқан жасөспірімдерді анықтады. Олардың төртеуі де 9-12 жас аралығындағы балалар болып шықты. Полиция мән-жайды анықтау үшін оларды бөлімшеге жеткізді.

"Тексеру нәтижесінде жасөспірімдердің Алматыдағы әртүрлі жалпы білім беретін мектептерде оқитыны анықталды. Олар өз әрекеттерін ойынмен түсіндірді. Балаларын тәрбиелеу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – деп түсіндірді полиция басқармасы.

Ведомство өкілдері балалардың мигрант емес, Қазақстан азаматтары екенін де атап өтті.
Ата-аналарға нақты қандай жаза қолданылғаны хабарланбады. Алайда бұл бап бойынша 10 АЕК (43 250 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Ал кәмелетке толмаған бала қылмыстық немесе әкімшілік құқықбұзушылық белгілері бар қасақана әрекет жасаса, 20 АЕК көлемінде айыппұл салынуы немесе 10 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.

Балалардың қауіпті ойынынан көшеде өтіп бара жатқан ешкім зардап шекпеген. Дегенмен полиция жасөспірімдердің мектепішілік есепке қойылғанын мәлімдеді. Қазір олардың отбасындағы жағдай уәкілетті органдардың бақылауында.

Еске салсақ, осыған дейін Алматыда екі ер адам жедел жәрдем қызметкерлерін пышақпен қорқытқанын жазғанбыз. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 12 Қазан, 2026 22:26