Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сенімсіз ел": СІМ қазақстандықтарды Германиядағы әскери мұражайға неліктен кіргізбей жатқанын түсіндірді

музей
Фото: military-museum.livejournal.com

Қазақстан және бірнеше елдің азаматтарына Кобленц қаласындағы әскери мұражайға кіруге тыйым салынды. Музей өкілдері бұл шешімді әскери қауіпсіздік талаптарымен түсіндіріп, Қазақстанды “сенімсіз елдер” тізіміне енгізген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұл жағдайға қатысты Мәжіліс кулуарында Сыртқы істер вице-министрі Әлібек Бақаев пікір білдірді. Оның айтуынша, Қазақстанның бұл тізімге не себепті енгізілгені әзірге нақты белгісіз. Алайда ол мұндай шешімнің объективті себептері болуы мүмкін екенін айтты.

“Сіздерді жаңылыстырмас үшін нақты себептерін анықтап алайын. Әр елде заңмен шектелген нысандар бар. Егер өзге елдің азаматы қабылдаушы елдің заңын бұзса, ол заң бойынша жауапқа тартылады”, – деді Бақаев.

Айта кетейік, бұл ақпарат Wehrtechnische Studiensammlung мұражайына қатысты. Бұл Еуропадағы ең ірі әскери-техникалық музейлердің бірі және Германияның қорғаныс ведомствосына қарайды. Сондықтан қауіпсіздік шаралары күшейтілген.

Қазақстаннан бөлек, тыйым салынған елдер қатарына Қырғызстан, Ресей, Украина, Қытай және Тәжікстанды қоса алғанда 26 мемлекет кірген. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл шешімнің себептерін түсіндіру үшін Берлинге ресми сауал жолдаған. 

Айта кетейік, бұған дейін Лувр басшылығы мұражай тоналғаннан кейін қалған құнды жәдігерлерді Франция Банкі қоймасына көшіргені туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 22 Сәуір, 2026 15:55