Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мысырда 20 жыл бойы салынған әлемдегі ең ірі музей ашылды

Ашылу салтанатыФото: https://www.instagram.com/grandegyptianmuseum?

Мысырда әлемдегі ең ірі әрі ең қымбат археологиялық музей – Ұлы Мысыр музейі (Grand Egyptian Museum) ашылды. Ауқымды мәдени кешеннің құрылысы 2005 жылы басталып, 20 жылға созылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Музей туралы не белгілі?

Bloomberg басылымының мәліметінше, жобаның жалпы құны шамамен 1,2 миллиард долларға тең. Музей ғимараты Каир маңындағы Гиза үстіртінде, Хеопс, Хефрен және Микерин пирамидалары орналасқан әйгілі үстірттен небәрі екі шақырым жерде орналасқан. Музейдің аумағы 500 мың шаршы метрден асады. Бұл көрсеткіш оны Таяу Шығыстағы ең ірі мәдени нысан әрі әлемдегі бір ғана өркениетке арналған ең үлкен музей деңгейіне көтеріп отыр.

Grand Egyptian Museum (GEM) атауымен белгілі бұл кешен Мысыр тарихының ең көне дәуірінен бастап рим кезеңіне дейінгі уақытты қамтитын 100 мыңға жуық жәдігерді бір шаңырақ астына жинаған. Олардың арасында шамамен 4500 жыл бұрынғы перғауын Хуфудың жерлеу кемесі және Тутанхамонның қабірінен табылған қазыналардың толық жинағы бар. Олардың көпшілігі жұрт назарына алғаш рет ұсынылып отыр. Сондай-ақ жәдігерлердің көп бөлігі Каирдегі Мысыр музейінен осында жеткізілген. Тағы бір бөлігі жақында ежелгі зираттардан, соның ішінде музейден шамамен 22 шақырым солтүстікте орналасқан Саккара некрополінен, яғни пирамидалар мен қабірлер кешенінен табылған.

Музей кешенінің сәулеттік басты нышандарының бірі – орталық кіреберісте орналасқан аспалы обелиск. Ал басты залда қонақтарды биіктігі 11 метрге жететін Рамзес II перғауынының алып мүсіні қарсы алады.

Музей экспозициясы бірнеше тақырыптық галереяларға бөлінген:

  • Тутанхамон галереяларында перғауын қабірінен табылған 5000-нан астам жәдігер, яғни әшекей бұйымдардан бастап соғыс және салтанатты арбаларға дейін көрмеге қойылған;
  • Басты зал мен салтанатты баспалдақтар ежелгі және жаңа патшалық дәуірлерінің артефактыларына жетелейді;
  • Хуфу кемесі музейінде жерлеу рәсімдерінде қолданылған, әлемдегі ең көне ағаш қайықтың түпнұсқасы қойылған.

Сонымен қатар музей аумағында бақ аймағы, интерактивті алаңдар мен білім беру зертханалары бар. Экскурсиялар ағылшын және араб тілдерінде жүргізіледі.

“Залдар заманауи технологиялармен жабдықталған, сондай-ақ ежелгі мұраны XXI ғасыр шығармашылығымен үйлестіріп, жаңа ұрпаққа жеткізу үшін аралас реалити-шоу форматындағы мультимедиялық көріністер дайындалды”, – деді музейдің бас директоры Ахмед Гонейм журналистерге берген мәлімдемесінде.

Сарапшылар да Ұлы Мысыр музейін дәуірлер арасындағы көпірге теңеп отыр.

“GEM – дәуірлер арасындағы көпір іспетті. Ұлы баспалдақ пен алып мүсіндер арқылы әлем кереметтері орналасқан залға өтесің, ал жаяу жол экспонаттарды нақты өмірмен байланыстырады. Мұнда шамамен 194 мың шаршы метр алаңға 12 интерактивті зал, балалар мұражайы, конференц-орталықтар және заманауи зертханалар орналасқан”, – деді олар.

Музей жыл сайын шамамен 3 миллион туристі қабылдауды жоспарлап отыр.

Желі қолданушылары не дейді?

Басқа келушілердің айтуынш, экспозиция екіжақты әсер қалдырады.

“Бұл – адамзат тарихындағы ұлы оқиға екені даусыз. Бірақ ежелгі жәдігерлер мен мумиялардың жарқыраған прожектор мен камералардың астында көрсетіліп жатқаны мені біртүрлі толқытты, тіпті мазасыздандыр. Мүмкін, мәңгі тыныштықта жатуға тиіс нәрселерді қозғап жатқандай әсер еткен шығар немесе бәрінің шамадан тыс коммерцияға айналып кеткені сезілді ме, білмеймін.
Мысыр тарихымен шын мақтанамын, ол адамзаттың ғажайып мұрасы. Бірақ ашылу рәсімінің өзінде бір тосын, тіпті киелі энергия мен заманауи шоу-бизнестің араласып кеткендей әсері болды” – деп жазылған пікірде.

Сондай-ақ өзге де желі қолданушылары музейдің ашылу салтанатына таңғалып, әсерлі пікір қалдырып жатыр.

“Мынандай ашылу салтанаттан ежелгі Мысырдың ұлылығын тікелей сезіледі. Сондай-ақ осы дәуірдің жұмбақтылығы анық байқалады”, “Недеген сұлулық”, “Мысырдың ұлы тарихына музей салынғанына қуаныштымын. Қолдарынан келгенін сақтап қалыпты. Ал біз әлі қаншасын білмейміз, көрмедік”, “Мысырдың бүкіл ежелгі дәуірін қайта қалпына келтіргендей сезім қалдырады екен”, – деп жазып жатыр олар.

Айнұр Мұхади
Дүйсенбі, 10 Қараша, 2025 17:09
Талқылау