Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балық емес, қармақ берді": Жұлдыз Әбдукәрімова келін болған шағындағы тәрбиені еске алды

Гүлзира мен Жұлдыз
Фото: instagram.com/gulziraaidarbekova

Әнші Қайрат Нұртастың жары Жұлдыз Әбдукәрімова журналист Динара Сәтжанға берген сұхбатында енесі Гүлзира Айдарбековамен қарым-қатынасы жайлы айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Актрисаның айтуынша, қайын атасынан да, енесінен де тәрбие алған. Ол әулетке енесі 38 жаста кезінде келін болып түскенін еске алып, өзіне “Ене болуға дайынсың ба?” деген сұрақ қоятынын айтты. 

“Сол кісінің 38 жасы мен қазіргі өзімді салыстырсам, дайын емес екенімді түсінемін. Ол жас кезінде ене атанды. Мен алғаш рет келін болдым, ал ол ене болды. Біз бір-бірімізді қолдап отырдық. Ол кісінің маған қатты ұнайтын тұсы бар, ол ешқашан ене ретінде жұмсап, “өйт, бүйт, сүйт” деп бұйырып отырған емес. Керісінше, өзі де істеп, ілесіп жүретін еді. Осылайша, маған үлгі болып, дұрыс дүниені көрсетті”, – деді ол.

Жұлдыз жаңа түскен келінге айтылған ақыл мен көрсетілген тәрбие осындай тәсіл арқылы ғана сіңімді болады деп санайды.

Сондай-ақ ол бұрын үйлерінде қонақ жиі болғанын айтты. Оның сөзінше, жаз мезгілінде туыстары үйіне келіп, біршама уақыт қонақ болып кететін кездер де болған.

“Негізі ата-енем не үйретсе де, айтса да шын көңілдерімен істеді. Осы екеуі адам болып кетсін деп ниеттенді, өмірге баулыды деп те айта аламын”, – дейдіі ол.

Актриса өмірлік тәрбие беруде ата-енесі балық емес, қармақ бергенін атап өтті. 

“Бәлкім, мен мұны сол кезде түсінбеген шығармын. Бірақ қазір осындай ой түйдім. Мен кез келген тығырықтан шыға аламын, себебі ол кісілер маған мүмкіндік берді. Адамға қармақ бергенде ғана өзің балықты аулап жей аласың және ол балықты ұстап қалу да қолыңнан келіп-келмеуі екіталай. Сондықтан мен дәл осы кезеңде келін болып түсіп, тәрбие алғаным үшін өкінбеймін. Керісінше, рақмет айтамын, ризамын”, – деді ол.

Әншінің жары сұхбат барысында ата-енесіне алғысын білдірді.

Айта кетейік, бұған дейін Жұлдыз Әбдукәрімова қонақтардың қоныстойға не сыйлағанын көрсеткені хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 22 Сәуір, 2026 17:30