Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Адвокат хаттамаға қол қойма деді": Анна Чернова Жанәбіловтердің айыптауларына жауап берді

ЖАнәбіловтар адвокаты қарсы пікір айтты
Фото: Желі кадрларынан

Блогер Жанәбіловтер журналисттерге бұрынғы әкімшілік тергеу барысында адвокаттың кесірінен айыппұл төлеп құтыла алмағанын жеткізген болатын. Ал блогердің бұрынғы адвокаты Анна Чернова оның осы пікіріне жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұған дейін БАҚ-та Ерболат Жанәбілов пен оның жұбайы өздерінің өкініштерін жеткізді. Айтуларынша адвокат кеңесіне сүйеніп бұған дейін айыппұл төлеумен құтылып кете алатындарын білмеген. 

"Тіпті әкімшілік тергеу жүріп жатқан кезде де, Комитетте болғанда біз хаттамаға қол қоюға дайын едік. Бірақ бізге хаттамаға қол қойғаннан кейін бізге қатысты әкімшілік іс емес, 3–6 айдан кейін қылмыстық қудалау басталуы мүмкін деп айтылды.

Сонда біз кімге сенеміз, адвокаттардан басқа кім бар? Егер бізге мұндай жаза болатынын білсек, неге әкімшілік сотта айыппұлды келісе салмадық? Біз сол кезде-ақ төлеп, бәрін аяқтап тастар едік”, – деді Эльмира. 

Олардың бұл сөзінен соң адвокат Анна Чернова өз ренішін білдірді. Айтуынша блогерлер енді бар кінәні адвокатқа жауып отыр. 

“Мен үндемедім, бұл жалған ақпарат пен шындықты бұрмалауға шыдадым. Адвокатқа кінәні аудару арқылы өздерін қорғағандарына сене алмадым.  Мұндай болады деп ойламадым. Бірақ бүгін олардың сұхбатынан кейін бізді қаралауға жол бере алмайтынымды түсіндім. Қаншаға дейін бұлай жалғаса береді?! Біз өз жұмысымызды білеміз және оны әрқашан адал орындаймыз. Ал нәтижесінде осындай айыптаулар естиміз”, – деді ол.

Адвокат оларды қол қоюдан бас тартуға көндірді деген нұсқаның шындыққа сай келмейтінін алға тартты.

“Олардың қол қоюдан бас тарту себептері мүлде басқа. Оларды адвокат тоқтатқан жоқ. Олар ересек адамдар. Бұл хаттамаға қол қоймау туралы өздерінің жеке шешімі.

Шынында, бастапқыда олар қол қоюға дайын болған. Бірақ Комитет оларға қол қойғаннан кейін ұтысты тоқтату керек болатынын, әрі оны әрі қарай жалғастыруға болмайтынын айтқан. Себебі қайталанған бұзушылық болса, мүлікті тәркілеу қарастырылған. Олар ұтыс ойынын жалғастырғысы келді. Оларға тағы 2–3 ай керек болды. Сондықтан қол қоюдан бас тартты.

Екінші нұсқа бойынша, олар хаттаманы ЖШС (ТОО) атына рәсімдеуге келісуге дайын болған. Бірақ Комитет хаттаманың мәтінін өзгертуден бас тартты.

Одан бөлек, 2025 жылдың наурызында мен Эльмирамен сөйлесіп, продюсеріне кеңес бергенмін. Ол маған басқа блогерге қатысты сот қаулысын жіберді. Мен оны қарап, бұл ұтысты бастамауға кеңес бердім. Себебі мемлекеттік органдардың блогерлердің ұтыс ойындарына қатысты ұстанымы маған заңгер ретінде анық болды. Бірақ менің кеңестеріме қарамастан, шілдеде ұтыс ойынын бастап кетті. Ал тамызда БАҚ арқылы Комитет тексеріс бастағанын білдім”, – деп баяндады ол.

Анна Чернова мұнымен істі ушықтырмау үшін әлі біраз нәрсені үндемей отырғанын жеткізді. 

“Блогерлер ісі бойынша қазір жауапкершілікті адвокатқа, продюсерге немесе тергеушіге жабу ыңғайлы жолға айналған сияқты. Бірақ жағдайға объективті қарау керек. Мұндай тексерулердің басталғаны және алғашқы блогердің жауапқа тартылғаны бұрыннан белгілі еді. Сондықтан "не болатынын білмедік" деу дұрыс емес. Блогерлердің өздері де сұхбаттарында заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқанын, әрі хаттаманы ТОО емес, жеке тұлға ретінде рәсімдеуге келіспегенін айтқан. Сонда адвокаттың бұған қатысы қандай? Бұл тақырып бойынша айтар ой көп болғанымен, жағдайды ушықтырмау үшін әзірге үндемеген жөн.

Тергеу кезінде бәрі қалыпты болып, байланыста болған. Бірақ сотта кенет "барлығына адвокат кінәлі" деген нұсқа шыққан. Алайда заңгерлер мұндай ұстаным жауапкершіліктен босатпайтынын айтады. Сондықтан тек бір нәрсені нақты айтуға тура келді. Бұл жерде барлық жауапкершілікті адвокатқа жабу дұрыс емес”, – деп қорытты ол. 

Еске салайық, 2026 жылғы 13 наурызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс қарала бастады. Айыпталушылар мен олардың адвокаты сот процесін жабық форматта өткізуді сұрағанымен, сот бұл өтінішті қанағаттандырмады. Алайда сот отырысы кезінде БАҚ өкілдеріне фото және бейнетүсірілім жасауға тыйым салу туралы өтініштері мақұлданды. Қорғау тарапы тергеу толық жүргізілмегенін және заңбұзушылықтар болғанын алға тартып, істі прокурорға қайта қарауға жіберуді сұрап отыр.

STAN.KZ
Бейсенбі, 23 Сәуір, 2026 18:00