Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бетін тазалатамын деп косметологқа барған астаналық әйелдің бетінде 1,5 сантиметрлік тыртық қалды

Ольга
Фото: Threads.com/@ole_lukkoje

Астанада бір жыл бұрын косметологқа бет тазалатуға барған әйел кейін екі рет ота жасатуға мәжбүр болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, дәл осы күні іс бойынша сот шешімі заңды күшіне еніп, ол дауды өз пайдасына жеңіп шыққан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Астаналық Ольга Ан Threads желісінде жазба жариялап, басынан өткен ауыр оқиғасын бөлісті. 

Жәбірленушінің сөзінше, осы уақыт аралығында косметолог әлеуметтік желідегі парақшасында оны көпшілік алдында балағаттап, ешқандай дәлелсіз айыптап келген. Алайда қазір әйелдің қолында сот шешімі бар. Онда сот-медициналық сараптама косметолог әрекетінен денсаулығына зиян келгенін растаған.

Ол бұл оқиғаны мүмкіндігінше көп адам білсе екен деген ниетін жеткізіп, Астанадағы Тоғжан Набихан есімді косметологтың кәсіби біліксіздігінен сақ болуға шақырды.

Әйелдің айтуынша, былтыр наурызда ол жүйелі ретиноидтармен периоральды дерматитті емдеп болғаннан кейін терісі әбден жақсарған. Тек ұзақ уақыт пилинг жасалмағандықтан пайда болған милиумдарды кетіру қалған. Осыған байланысты ол маман көмегіне жүгінген. Әйел милиумдарды әдетте аппаратпен немесе инемен алатынын, бұл жайттың кейінгі оқиға үшін маңызды болғанын атап өтті.

Оның бетінде милиумдардан бөлек, сол жақ бетінде күріштің дәніндей кішкентай томпақ болған. Ол қабынбаған, түсі де өзгермеген және тек терінің тегіс еместігінен байқалған.

“Мен “Бұл не болуы мүмкін?” деп сұрағанда, Тоғжан оның бітеліп қалған тесік екенін нық сеніммен айтып, қатты қыса бастады. Ештеңе шықпаған соң, милиумдарды алған инені алып, “арналарын тазалап жатырмын” деп, сол жерді екі рет терең тесті. Бұл өте қатты ауырды”, – деді ол.

Ольга Ан
Фото: Threads.com/@ole_lukkoje

Келесі күні косметолог оның жағдайын сұраған. Процедура кешке жасалып, бетін креммен жауып жібергендіктен, әйел таңертең ғана жуынған.

“Инемен қайта-қайта түрткен жер қызарып, ісіп кетті. Түн ішінде сол жерге бір тамшы ірің жиналып, қатып қалған, мен оны сумен жуып тастадым. Сол сәтте жағдайдың ушығып бара жатқанын сезбедім, сондықтан бетін жуғаннан кейін ғана жауап беріп, іріңнің суретін түсіріп үлгермедім”, – деп жазды ол.

Ольга Ан бес күннен кейін қайтадан косметологқа хабарласып, әлгі түйіннің бұрынғыдан да үлкейіп, қып-қызыл болып кеткенін айтқан. Жәбірленуші қайта қабылдауға жазылып, көзбе-көз көрсеткісі келген. Алайда косметолог ешқандай қабыну жоқ екенін, бұл тек жарақаттанған жерге қан жиналуынан болып тұрғанын және бірнеше күннен соң бәрі басылатынын айтқан. Кейін қандай да бір маска жағып, үйіне жібере салған.

“Бұл көмектеспеген соң, 2 мамырда мен дерматологқа жүгіндім. Дәрігер мұқият қарамады да, бірден екі іріңді басы бар қабыну процесі екенін айтты. Бұл да дәл сол екі тесілген жерге сәйкес келді. Содан кейін ем тағайындады. Бірақ ол да нәтиже бермеді”, – деді ол.

Одан кейін әйел тағы бір дерматологқа жүгінген. Бұл жолы оған Вишневский майымен аппликация жасау ұсынылған. Кейін бұл майды бетке қолдануға болмайтыны анықталған. Соның салдарынан күйік пайда болып, ол шие көлеміне дейін ұлғайып, қабынған жерден ірің үздіксіз аға бастаған.

“Мамырдың ортасына қарай мен тамақ іше де, ұйықтай да алмай қалдым. Дене қызуым түспей қойды, тыныш жатқанның өзінде шаншып ауыратын болды, ал бетімді қимылдату тіпті қиын еді. Басым күйіп тұрғандай, солқылдап ауырып кетті”, – деп жазды ол.

Кейін екінші дерматолог оны ультрадыбыстық зерттеуге жіберген. Зерттеу нәтижесінде тереңдігі 0,4 сантиметр, көлемі 0,8 сантиметрлік қабыну бары анықталып, “атерома” диагнозы қойылған.

Ольга Анның айтуынша, атерома – май безінің кистасы, оның ішіндегі жиналған май өздігінен шықпайтынын, сондықтан мұндай түзіліс тек хирургиялық жолмен алынады. Оның сөзінше, косметолог оны қысып шығаруға тырысқанда нәтиже болмағаны да сондықтан. Әйел атерома ұзақ жылдар бойы еш белгі бермей жүруі мүмкін екенін, бірақ механикалық зақымнан кейін қабынып кететінін түсіндірді.

Астанада мұндай қабынуды алып тастайтын хирург табу оңай болмады. Соның салдарынан маған ота тек 31 мамырда жасалды. Бір ай бойы ұйқысыз жүрдім, ауырсынуды басатын дәрілер іштім, дренаж қойылды, ауыр таңулар жасалды, бетімнің бәрі жапсырмамен жабылды, антибиотиктер салдырдым”, – деді ол.

Ольга
Фото: Threads.com/@ole_lukkoje

Алайда екі айдан кейін оған қайтадан ота жасау қажет болған. Себебі алғашқы хирург атероманың қабынған капсуласын толық алып тастай алмаған. Содан кейін түйін қайта пайда болған. Әйел оның бастапқы қабынған кездегіден кішірек болғанымен, әуелгі көлемінен бәрібір үлкен екенін жеткізді.

Нәтижесінде бетімде 1,5 сантиметрлік тыртық қалды. Оны екінші хирург барынша ұқыпты жасағанымен, бәрібір ізі қалды. Былтыр жазым түгелдей оқшауланумен өтті, өз-өзіме деген сенімім төмендеді, денсаулығыма тұтастай әсер еткен орасан күйзелісті бастан кештім”, – деп жазды ол.

Жәбірленуші мұның бәрі косметологтың кәсіби біліксіздігінің салдары екенін мәлімдеді. Оның пікірінше, өзін медициналық білімі бар маман ретінде таныстыратын адам қандай түзілісті сығуға болатынын, ал қайсысына мүлде қол тигізуге болмайтынын білуі керек.

Сот шешімі қандай болды?

Ольга Ан косметологтың үстінен арыз түсірген. 

Сот барысында косметолог кінәсін мойындамаған. Ол қызметтің барлық талапқа сай көрсетілгенін, клиентке күтім бойынша ұсынымдар берілгенін, ал қабыну талапкердің өз бетінше жасаған әрекетінен туындауы мүмкін екенін алға тартқан. Сондай-ақ косметолог атероманың пайда болуына өз әрекетінің қатысы жоқ екенін мәлімдеген. 

Алайда сот-медициналық сараптама талапкердің бетінде атерома процедураға дейін-ақ болғанын, бірақ тұрақты күйде тұрғанын анықтаған. Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, механикалық тазарту кезінде атеромаға рұқсат етілмейтін механикалық әсер жасалған. Соның салдарынан іріңді-қабыну процесі дамып, бұл жағдай талапкер денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтірген. Сараптама атероманың болуы мұндай процедураға қарсы көрсетілім екенін де көрсеткен. 

Сот осы сараптама қорытындысын негізге алып, талапты ішінара қанағаттандырды. Нәтижесінде жауапкерден талапкер пайдасына 584 388 теңге материалдық зиян, 1 000 000 теңге моральдық зиян өтемақысы және 94 980 теңге сот шығыны өндірілетін болды. Жалпы өндірілетін сома 1 679 368 теңге. Бұдан бөлек, жауапкерден мемлекет кірісіне 457 884 теңге көлемінде сот шығыны өндіріледі. 

Сот талапкер сұраған 8 миллион теңге моральдық өтемақыны толық көлемде қанағаттандырмады. Дегенмен сот оның денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келгенін, бетінде тыртық қалғанын және осы жағдайдан кейін эмоциялық күйзеліс көргенін ескерген. 

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 23 Сәуір, 2026 18:32