Баласының бөтен екенін туғаннан кейін білген ата-ана қызды өз баласындай тәрбиелей бергісі келетінін мәлімдеді

Экстракорпоралдық ұрықтандыру клиникасындағы қатеден кейін бөтен баланы босанып алған ерлі-зайыпты енді сәбиді өздерінде қалдыруға тырысып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Флорида штатында ЭКҰ кезіндегі қателіктің салдарынан бөтен баланы дүниеге әкелген ерлі-зайыпты енді оның биологиялық ата-анасы анықталғаннан кейін баланы өздерінде алып қалуға үміттеніп отыр.
Тиффани Скор мен Стивен Миллс былтыр желтоқсанда Орландо қаласындағы Fertility Clinic клиникасында ем қабылдағаннан кейін өмірге дені сау қыз баланы дүниеге әкелген. Олар сәбиге Ши есімін берген.
Алайда босанғаннан кейін жасалған генетикалық сараптама ерлі-зайыптының баланың биологиялық ата-анасы емес екенін растаған.
Daily Mail басылымы қол жеткізген сот құжаттарына сәйкес, ерлі-зайыпты қаңтар айында клиниканы және ұрықтандыру дәрігері Милтон МакНиколды салғырттық танытты деп сотқа берген.
Шағымда олар МакНикол мен ЭКҰ орталығынан Шиді оның “генетикалық ата-анасымен” табыстыруға көмектесуді және өздеріне тиесілі жоғалған эмбриондардың тағдырын түсіндіруді талап еткен.
Сейсенбі күні ерлі-зайыптыға тапсырылған генетикалық сараптама қорытындысы Шидің биологиялық ата-анасы ретінде сот құжаттарында Patient 004 деп көрсетілген басқа бір жұпты анықтаған.
Бұған дейін Скор мен Миллс Шидің туған ата-анасын табуды өздерінің “адамгершілік міндеті” санайтынын айтқан еді. Алайда қазір олар қызды өз баласындай тәрбиелей бергісі келетінін мәлімдеп отыр.
Ерлі-зайыпты адвокаты арқылы Daily Mail басылымына берген мәлімдемесінде кеше берілген сараптама қорытындысы сәбидің генетикалық ата-анасы анықталғанын растағанын айтты.
Олар бір ғана нәрсе бұлжымас ақиқат болып қала беретінін атап өтті. Олардың айтуынша, олар бұл баланы өмір бойы жақсы көреді және өздерін оның ата-анасы санайды. Ерлі-зайыпты Шидің генетикалық ата-анасының жеке өміріне құрметпен қарап отырғанын, сондықтан олардың есімі әзірге жария етілмегенін жеткізді.
Бұған дейін Скор мен Миллс мәлімдемесінде кішкентай қыздарын қатты жақсы көретінін, мүмкіндік болса, оны өздері өсіріп, ешкім тартып алмайтынына сенімді болғысы келетінін айтқан.
Скордың Facebook парақшасында жарияланған суреттерде олардың бақытты отбасы екені көрінеді. Фотоларда ерлі-зайыпты мен Ши күлімдеп, бір-бірін құшақтап тұрған сәттер бейнеленген. Жас ана желідегі жазбасында бұл жағдайдың өте ауыр әрі жанға бататынын айтқанымен, өзі мен жұбайының мүлде ашуланбайтынын жеткізген. Оның сөзінше, олар дені сау, сұлу қыздарының барына, оны құшағына алып, иіскеп, жақсы көре алатынына шүкіршілік етеді.
Ерлі-зайыпты Шидің өз өмірлерінің жарығына айналғанын айтты. Олардың сөзінше, осы ауыр жағдайдағы ең әдемі әрі ең қымбат нәрсе – осы сәби. Сондай-ақ олар бұл оқиғаның қалай және не себепті болғанынан бұрын, қыздың өздері үшін туған баласындай болып кеткенін жеткізді. Айтуынша, сәбимен бірге өткізген әрбір сәт олар үшін айрықша қымбат.
Бұдан бөлек, олар өз эмбриондарының тағдырына қатысты сұрақтарға жауап іздеуді жалғастырып жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар көпшіліктің қолдауына алғыс білдірді. Ерлі-зайыпты эмбриондары әлі бар ма, әлде бір жерде өз биологиялық балалары өсіп жүр ме деген сауалға жауап тапқысы келеді.
Сот құжаттарына сәйкес, Тиффани Скор алты жыл бұрын жұмыртқа жасушаларын алдыртып, олар Стивен Миллстің шәуетімен зертханада ұрықтандырылған. Кейін эмбриондар мұздатылып сақталған. 2025 жылғы ақпанда Скорға эмбрион салынғанымен, бұл әрекет нәтиже бермеген. Ал сол жылы 7 сәуірде оған екінші рет эмбрион көшірілген.
Құжатта эмбриондардың алдымен арнайы таңбаланған түтікшелерде сақталатыны, кейін қалпына келтіру үшін Петри табақшасына салынып, бір-екі сағат бойы инкубаторда бақылауда болатыны көрсетілген. Осыдан кейін эмбрион пациентке енгізіледі.
Сот материалдарына сүйенсек, бұл оқиға бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғаннан кейін, дәл сол күні Orlando Fertility Clinic клиникасында эмбрион көшірген тағы бір пациент ерлі-зайыптымен хабарласқан. Тегі Миллстердің фамилиясына ұқсас бұл әйел де экстракорпоралдық ұрықтандыру рәсімінен өтіп, желтоқсанда сәби сүйгенін айтқан.
Отбасылар балалардың суреттерімен алмасқан. Шағымда аталған әйел мен Шидің түр-сипатында ұқсастық бары көрсетілген.
Алайда Миллстердің адвокаты Джек Скарола Daily Mail басылымына ерлі-зайыптымен байланысқа шыққан әйелдің Patient 004 емес екенін растады. Оның айтуынша, бұл әйелдің сәбиі олардың клиенттерінің генетикалық баласы деп санауға негіз жоқ.
Скароланың сөзінше, Тиффани мен Стивеннің есепке алынбаған эмбриондарының тағдырына қатысты әлі сұрақтар көп. Сонымен бірге клиника ерлі-зайыптыға тиесілі деп көрсеткен жалғыз эмбрионды қауіпсіз көшіру, оның нақты кімге тиесілі екенін растау және оны қорғау мәселесі де шешілмеген.
Ал адвокат Мара Хэтфилд 18 ақпанда өткен сот отырысында эмбриондардың шатасуы алты жыл бұрын, яғни ұрықтандыру процесі кезінде болуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, қателік 2025 жылғы сәуірде Скорға эмбрион салынған сәтте де жіберілуі ықтимал.
Сот құжаттарына қарағанда, Orlando Fertility Clinic клиникасы 1 мамырға дейін жаңа иелеріне сатылмақ. Бұл жөнінде пациенттерге хат арқылы хабарланған.
МакНиколдың адвокаттары істі тоқтату туралы өтініш бергенімен, сот бұл талапты қанағаттандырмаған. Олар талапкерлер жауапкерге қарсы заңды тұрғыдан негізделген талап қоймағанын және шұғыл немесе алдын ала тыйым салу шараларын сұрауға жеткілікті негіз келтірмегенін алға тартқан.
Сондай-ақ қорғаушылар Шидің биологиялық ата-анасын іздеу туралы талап басқа пациенттердің жеке өміріне қол сұғуға әкелуі мүмкін екенін мәлімдеген.
Сотқа ұсынылған құжатта талапкерлердің жауапкерді пациенттердің істерін қарап, эмбрион сақтаған адамдармен байланысуға, сондай-ақ шағым көшірмесі мен сәби суретін олардың рұқсатынсыз жіберуге міндеттеуге негіз болатын нақты құқықтық норманы, заңды немесе сот тәжірибесін келтірмегені жазылған.
Флорида Денсаулық сақтау департаментінің мәліметінше, МакНиколдың медициналық лицензиясы әлі де жарамды. Оның мерзімі 2028 жылғы қаңтарда аяқталады.
Сонымен қатар МакНиколды Флорида штатының Медицина кеңесі 2024 жылғы мамырда тәртіптік жауапкершілікке тартқан. Бұған 2023 жылғы маусымда клиникада жүргізілген тексеріс барысында бірқатар кемшіліктің анықталуы себеп болған.
Атап айтқанда, кейбір жабдықтардың қазіргі талаптарға сай келмейтіні, тәуекелдерді басқару тәртібінің сақталмағаны және кейбір дәрі-дәрмектің жетіспейтіні белгілі болған. Осы құқықбұзушылықтар үшін оған 5 мың доллар айыппұл салынған.
Ал Daily Mail басылымы МакНиколдың адвокаттарына, Orlando Fertility Clinic клиникасына және Patient 004 тарапына түсініктеме беру туралы сұрау жолдаған.
Еске салайық, бұған дейін ата-ана туғаннан кейін баласының бөтен екенін білгені хабарланған еді.
"Қазақ тілі тестінен өту қиын болып кеткен": Өзбекстаннан Рудныйға көшірілген қандастар азаматтық ала алмай жүр