"Көзім көрмей, аяққа тұра алмай қалдым": Қызылордалық әйел косметологтың емінен кейін ауыр дертке шалдыққан
Видеодан скрин
Қызылордада косметологтың емінен кейін ауыр дертке шалдыққан келіншек әділдік іздейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
38 жастағы әйелдің айтуынша, ботокс жасаған маманның салғырттығынан көзі көрмей, тілі күрметіліп, тіпті аяғына тік тұра алмай қалған. Соның кесірінен әйел төрт айдан бері тұрақты түрде дәрігерге қаралуға мәжбүр. Оның үстіне құзырлы органдарға жазған арызымнан да нәтиже жоқ деп ашынады келіншек.
Көзі көрмей, тіпті дұрыс сөйлей алмай қалған Латипа Жақсымұратова барлығы қолтық терісіне ботокс жасатқаннан кейін басталды дейді. Оның айтуынша отадан кейін денсаулығы күрт нашарлап, аяқ-қолдары қалтырап, тынысы тарылған. Соңында дәрігерлер әйелді жансақтау бөліміне жатқызыпты.
“Инфекционист дәрігерлерді шақырды. Тексеріс барысында менен ботулизм диагнозы анықталды. Содан реанимацияда 5 күн, палатада 10 общий 15 күн емделіп шықтым. Былайынша айтқанда бір өлімнен қалдым ғой. Соның бәрін косметолог мамандары біліп отырса да, маған ешқандай көмек берген жоқ. Келіп жағдайымды да білген жоқ”, – дейді Қызылорда қаласының тұрғыны Латипа Жақсымұратова.
"Денесінен 1,5 литр ірің шыққан": Пластикалық ота жасатқан алматылық әйел өлім аузынан қалды
Әйелдің айтуынша, ботулизм диагнозы бірден емделіп кетпеген. Салдарынан көзімнің көруі нашарлап, өкпеме тиген зияны әлі де мазалайды дейді. Ал дәрігерлер ботокс жасаған кезде әйелдің жүйке тамырларына зақым келген деп қорытынды жасапты.
“Косметолог мамандарды кінәлаймын. Себебі дәрігерлер де сол кісілерді кінәлап отыр. Менің жоқ ауруларымның бәрін шығарып отыр. Көзімнің көруі нашарлап кетті. Көзде қан қысымы деген зат пайда болды. Жүрегім шаншитын болды”, – дейді Латипа Жақсымұратова.
Әділдік іздеген әйел құзырлы органдарға да шағымданған. Алайда полиция департаментіндегілер қылмыстық істі тіркемепті. Ал ауруынан айыға алмай, дәрігерлердің көмегіне әлі де жүгінуге мәжбүр болған Латипа Жақсымұратова мамандар шығынымды толық өтесін деп отыр.
Еске салсақ, бұған дейін Қарағанды клиникасындағы оталардан кейін 19-дан аса адам қауіпті инфекция жұқтырғаны туралы жазған едік.

"Денесін күйдіріп, саусағын сындырып, тиын жұтуға мәжбүрлеген": Балқашта ер адам 8 жасар баланы соққыға жықты деп айыпталды
