Болат Өтемұратов қоры Калифорния университетінің ғалымдары жасақтаған E-Seed технологиясымен Арал теңізі түбін көгалдандыру бойынша сынақтық жобаны бастады

Болат Өтемұратов Қоры Астанада өтіп жатқан Өңірлік экологиялық саммитте әлемдегі ең ірі экологиялық дағдарыс аймақтарының бірі саналатын Арал теңізінің құрғап қалған түбінің экожүйесін қалпына келтіруге бағытталған пилоттық жобаны таныстырды.
Сынақтық жобаның негізінде Берклидегі Калифорния Университеті жанындағы Morphing Matter Lab зертханасы әзірлеген E-seed инновациялық технологиясы жатыр. Ол табиғи механизмдерден шабыт алып, дрондар арқылы себілетін биоыдырайтын капсулаларды қолдануға негізделген. Табиғи немесе жасанды ылғалдау нәтижесінде бұл капсулалар тұқымдардың топыраққа тереңдеуіне мүмкіндік береді. Қазіргі таңда технология Арал маңы жағдайында сынақтан өтіп жатыр.
Берклидегі Калифорния Университетімен қоса Арал теңізі түбінің экожүйесін жақсарту жобасына Халықаралық Аралды құтқару қоры және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті қатысып отыр. Жоба аясында инновациялық технологияны жергілікті деңгейде бейімдеу, сондай-ақ қазақстандық университет негізінде өндірістік және ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын дамыту көзделген.

2026 жылғы наурыз айында Арал маңында далалық жұмыстардың алғашқы кезеңі өтті. Аумағы 1 гектар учаскеде агродрондардың көмегімен тұзданған топыраққа бейімделген галофит өсімдіктерінің тұқымдары салынған 7500 арнайы капсула себілді. Егілген түрлер қатарында сарсазан, қарабарақ, климакоптера және анабазис бар. Бұл өсімдіктер құлдырауға ұшыраған жерлерді бастапқы қалпына келтіруге арналған негізгі дақылдар ретінде танылады.

Технологияны жергілікті жағдайға бейімдеу үшін Болат Өтемұратов Қорының шақыруымен Берклидегі Калифорния Университетінің зерттеушілері Семина И мен Марко Фрески арнайы келді. Қор өкілдерінің айтуынша, жобаның алғашқы кезеңі зерттеу сипатында өтуде. Негізгі мақсат – топырақтың жоғары тұздануы, ылғал тапшылығы және жел эрозиясы өсімдіктердің тіршілік етуіне айтарлықтай әсер ететін өңір жағдайында тиімді тәсілдерді айқындап, оларды болашақта кең көлемде қолдануға негіз қалыптастыру.

"Жоба өсімдіктердің жерсінуіне әсер ететін факторларды зерттеуге және көгалдандырудың тұрақтылығын арттыратын технологияларды сынақтан өткізуге бағытталған. Пилоттық формат нақты жағдайларда түрлі тәсілдердің тиімділігін бағалап, болашақта ауқымды түрде қолдануға болатын шешімдерді айқындауға мүмкіндік береді. Пилоттық кезең 2026 жылғы қыркүйекке дейін жалғасады және ғылыми мониторингті, топырақ жағдайын талдауды, сондай-ақ өсімдіктердің жерсіну деңгейін бағалауды қамтиды. Оң нәтиже болған жағдайда жобаны кеңейтіп, 50 гектар аумаққа 300 000 капсула егу жоспарлануда", – деді Болат Өтемұратов Қорының бас директоры Айнұр Кәрібозова.

Арал маңы өңіріндегі жұмыстардан бөлек, Қор Қазақстанның басқа өңірлерінде де экологиялық жобаларды табысты жүзеге асырып келеді. Атап айтқанда, "Жасыл мектеп" бағдарламасы аясында Алматы мен Астана қалаларындағы мектептерде агроэкология негіздерін үйренуге арналған 36 жылыжай салынды. Сонымен қатар Қор Алматыдағы Бас Ботаникалық бақты қайта жаңғыртуға 15 млн АҚШ долларын бөліп, инфрақұрылымды жаңарту, суару жүйесін жетілдіру, табиғи ландшафты сақтау және 174 000 жасыл желек отырғызу жұмыстарын жүргізді.

Саммитке қатысу Қорға далалық сынақтар мен ғылыми талдауды ұштастыратын тәсілді ұсынуға мүмкіндік берді. Бұл тәсіл аясында күрделі экожүйелерге арналған шешімдер нақты деректер мен тәжірибеге сүйене отырып кезең-кезеңімен әзірленеді. Аталған жоба 2024–2026 жылдары Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық ететін Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ) аясында жүзеге асырылып жатқан бастамалармен үндес келеді.
"Қазақ тілі тестінен өту қиын болып кеткен": Өзбекстаннан Рудныйға көшірілген қандастар азаматтық ала алмай жүр