Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар некеге сирек тұра бастаған – Статистика

Ерлі-зайыптылар
Фото: Pixabay.com

Қазақстанда кейінгі 10 жылда тіркелген неке саны 22%-ға азайды. Ал ер адамдардың алғаш рет некеге тұрудағы орташа жасы 27,9 жасқа жетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ұлттық статистика бюросы 15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай елдегі неке көрсеткіштерін жариялады.

2015 жылы Қазақстанда 148,8 мың неке тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 116 мыңға дейін төмендеген. Яғни он жыл ішінде неке саны шамамен 22%-ға қысқарған.

Сонымен қатар неке коэффициенті де азайған. 10 жыл бұрын әрбір мың адамға шаққанда 8,48 неке тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 5,69 болды.

Бюро мәліметінше, өңірлер арасында неке коэффициенті ең жоғары көрсеткіш Астанада тіркелген – мың адамға шаққанда 6,75 неке. Ал ең төмен көрсеткіш Қызылорда облысында – 5,06 және Батыс Қазақстан облысында – 5,1. Астанадағы жоғары көрсеткіш жастардың көші-қон белсенділігімен және еңбекке қабілетті жастағы тұрғындардың шоғырлануымен байланысты болуы мүмкін.

Қазақстанда неке көрсеткішінің ең жоғары кезеңі 2012–2013 жылдарға тұспа-тұс келген. Ол кезде мың адамға шаққанда 9,8–9,9 неке тіркелген. Салыстыру үшін, 2005 жылы бұл коэффициент 8,12 болған.

Статистика бюросы неке санының азаюына демографиялық толқын да әсер еткенін атап өтті. 1980 жылдардың соңындағы көп буыннан кейін некеге тұратын жасқа 1990 жылдардың соңында туғандар келді. Ол кезеңде елдегі туу көрсеткіші едәуір төмен болған.

Бұдан бөлек, қазақстандықтар некеге кешірек тұра бастаған. Кейінгі 10 жылда алғаш рет некеге тұрудың орташа жасы ерлер арасында 0,7 жасқа, әйелдер арасында 0,6 жасқа өсті. 2025 жылы ер адамдар орта есеппен 27,9 жаста үйленсе, әйелдер 25,3 жаста тұрмысқа шығады.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 15 Мамыр, 2026 18:34