Экология министрі Qarmet компаниясына жұмыс сапарымен барды

Qarmet компаниясына Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев жұмыс сапарымен келді. Бірлескен кеңес барысында тараптар одан әрі өзара іс-қимыл, экологиялық жобаларды іске асыру және өндірісті жаңғырту мәселелерін талқылады.

Qarmet басшылығы компанияның өндірістік қуаттарды жаңарту жөніндегі ауқымды бағдарламасы аясында жүргізіп жатқан жүйелі өзгерістер туралы айтты. Ерекше назар экологиялық бастамаларға, энергия тиімділігін арттыруға және заманауи технологиялық шешімдерді енгізуге аударылды.

Сапар аясында Министр Qarmet компаниясын жаңғыртудың маңызды жобаларының бірі — №8-9 кокс батареяларының құрылыс алаңын көрді. Жаңа батареялар ескірген қуаттардың орнына салынып жатыр және пайдалануға берілгеннен кейін жылына 1,5 млн тоннаға дейін құрғақ кокс шығара алады. Жоба металлургиялық тізбектің тұрақтылығын, өндіріс сенімділігін және кокс-химия базасының экологиялық тиімділігін арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар Ерлан Нысанбаев 2025 жылы табиғи газға қосылған №3 домна пешінің жұмысымен танысты. Домна өндірісін газдандыру мазутты пайдалануды айтарлықтай азайтуға, технологиялық процестің тұрақтылығын арттыруға, кокс шығынын төмендетуге және қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік берді.

Qarmet компаниясында экологиялық күн тәртібі компанияның даму стратегиясының ажырамас бөлігі екені атап өтілді. Өндірістік нысандарды жаңғырту, негізгі агрегаттарды газдандыру, кокс-химия өндірісін жаңарту және жаңа технологияларды енгізу ұзақ мерзімді тиімділікті, өнеркәсіптік қауіпсіздікті және экологиялық тұрақтылықты арттыруға бағытталған.
"Су тапшылығы болып, қала демала алмай қалады": Экологтар Көкжайлауда 650 миллиардқа салынатын тау кластері құрылысын тоқтатуды талап етті