Ердоған Қазақстанға османдық каллиграфтың қолынан шыққан Құран кітабын сыйға тартты

Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан президенттері Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшылары түркі дүниесінің әйгілі рухани және тарихи-мәдени киелі орындарының бірі, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барды.
Мемлекеттер басшылары ұлы ғұлама, әулие Қожа Ахмет Ясауи мен кесене аумағында жерленген басқа да белгілі тарихи тұлғалардың рухына зиярат етті.
Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған кесенеге османдық каллиграф Ахмед Шемседдин Карахисаридің қолынан шыққан Құранды сыйлады.
ОқыңызПрезиденттерге кесененің XIV ғасыр соңында Әмір Темірдің бұйрығымен салынғаны, көлемі жағынан әртүрлі 35 бөлмеден тұратыны жөнінде ақпарат берілді.
Ғимараттың ішкі биіктігі 39 метрді, ал сыртқы биіктік өлшемі 41 метрді құрайды.
Мәртебелі меймандар қабірхананы, орталық бөлмеде орналасқан қазандықты, тайқазанды және қола лауханы аралап көрді.
Сондай-ақ экспозицияда түркі-ислам әлемінің белгілі ойшылдары мен шайырларының еңбектерінен тұратын 45 кітап қойылған. Олардың арасында Қожа Ахмет Ясауидің "Диуани Хикмет", Низамидің "Хамса", Науаидің ғазалдары, Бақырғанидың шығармалары, Фирдоусидің "Шахнама", Физулидің "Ләйлі мен Мәжнүн" дастаны, сонымен бірге "Манас" жырының үзінділері және басқа да сирек кездесетін туындылар бар.
Еске салсақ, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістандағы Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде сөйлеген сөзінде түркі мемлекеттерінің әскери одақ құратыны туралы ақпаратты жоққа шығарған еді.
"Су тапшылығы болып, қала демала алмай қалады": Экологтар Көкжайлауда 650 миллиардқа салынатын тау кластері құрылысын тоқтатуды талап етті