Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ҰБТ жүйесін алдап, 140 балл жинаудың жолы: Freedom Media ұсынған жаңа туындының тұсаукесері өтті

140 балл ұбт

"140 балл" – ҰБТ жүйесін алдап өткен түлектер туралы Freedom Media ұсынған жаңа сериал. 14 мамырда отандық "140 балл" сериалының тұсауы кесілді.

Бұл жоба ҰБТ-дан ең жоғары нәтиже алу үшін басын бәйгеге тіккен мектеп түлектері туралы. Сюжет желісі бойынша, бір топ 11-сынып оқушысы ҰБТ жүйесін алдап, ең жоғары 140 балл жинауды көздейді. Олар өз мақсаттарына жету жолында түрлі айла-тәсілдерге жүгіне отырып, ортақ іс арқылы нағыз достықтың қадірін түсінеді. Алайда күтпеген жоғары нәтиже күмән тудырып, артынша тергеу амалдары басталады. Сериалдың басты жұмбағы – олар ҰБТ жүйесін қалай алдап өтті?

"140 балл" – ҰБТ тақырыбын бірнеше буын өкілдері үшін маңызды әлеуметтік және эмоционалдық тәжірибе ретінде қозғайтын алғашқы қазақстандық сериал. Мәселен, 2025 жылы негізгі ҰБТ-ны 210 мыңнан астам талапкер тапсырса, жалпы тестілеу 381 мың рет өткізілген.

Бес пән бойынша орташа көрсеткіш 69 баллды құрап, тек 598 қатысушы 130-дан жоғары балл жинаған. Бұл сандар ҰБТ тақырыбының оқушылар, ата-аналар және бұрынғы түлектер үшін әлі де болса өзекті әрі жанына жақын екенін дәлелдейді.

"Біз үшін қалың көпшіліктің көңілінен шығатын хикаяны баяндау маңызды болды. ҰБТ – мыңдаған қазақстандық отбасының басынан өтетін сынақ. Сонымен қатар, біз ең қиын емтиханның адамның бүкіл өмір жолын анықтамайтынын, кез келген нәтиже соңғы нүкте емес екенін, тек алға қойған мақсаттарға жетелейтін кезеңнің бірі екенін көрсеткіміз келді. "140 балл" – бұл таңдау, жауапкершілік, достық пен жетістіктің құны туралы хикая. Туынды өз мақсатына ұмтылған, өзін табуға талпынған және "арман мен жауапкершілік арасындағы алтын көпір қайда?" деген күрделі сұрақтарды қоятын өршіл жастар туралы баяндайды", – деп атап өтті Freedom Media директоры Тимур Баиров.

Жобаның басты жұмбағы – ҰБТ-ны бұзып, 140 балл жинаудың құпиясы. Олар мұны қалай іске асырды? Туынды жастар драмасы, детектив және әлеуметтік ой-толғам элементтерін шебер ұштастыра білген.

Сериалды "Бір тоқсан" жобасын жасаған шығармашылық топ түсірді. Туындының сценарийін жазған – Нұрәлі Сұлтанов, қоюшы режиссері - Ален Ниязбеков. Жоба продюсерлері –  Рустам Юсупов пен Игорь Воробьев. Сондай-ақ түсірілім тобында қоюшы оператор Юрий Левандовский мен қоюшы суретші Анастасия Пономарева еңбек етті.

Сериалға Қуантай Әбдімәди, Роза Мукатаева, Алихан Нуржауов, Дильназ Қуанышева, Дильназ Құрманғали, Адиль Ибраев, Шоқан Чупанбаев, Адема Едилова, Нұртілек Жарылқасын, Бақытжан Балаханов және Аружан Тимур түсті. Жас актерлер үшін емтихан, бітіруші сынып пен болашақ мамандықты таңдау тақырыптары өте жақын болды. Адема Едилованың айтуынша, рөлге дайындалу барысында кейіпкердің күйін арнайы зерттеудің қажеті болмаған, себебі сериалдағы сезімдер мен толғаныстардың көбі оның өз өмірінде кездескен жайттар.

"11-сыныптағы қорытынды емтихан мен үшін өмірімдегі ең үлкен сынақ болып көрінетін. Бірақ қазір мен әр адам өз жолын тауып, бақытты өмір сүрудің мыңдаған мүмкіндігін аша алатынына сенемін. Университетке түсер кездегі сынақтарды еске алсам, көз алдыма таңғы сағат сегіздегі қарбалас, емтихан алдындағы сарыла күткен сәттер мен бәрі біткеннен кейінгі иықтан жүк түскендей жеңілдеп қалған ерекше сезім оралады. Түсірілімге дайындалу қиын болған жоқ, өйткені бұл тақырып маған өте жақын. Осыған ұқсас сезімдерді жақында ғана бастан өткергендіктен, оны көрерменге жеткізу оңай болды", – деп бөлісті актриса Адема Едилова.

Сериал соңына дейін өзінің шытырман желісімен көрермен назарын өзіне тартып, қызығушылықты жоғалтпай ұстап тұрады. Жобаның кәсіби деңгейдегі визуалды шешімдері, әуезді музыкасы мен шынайы заманауи қолданыстағы қазақ тілі туындының бірегей қолтаңбасын қалыптастырған.

"140 балл" жастарға арналғанымен, кезінде емтиханның мазасыз күйін кешіп, алғашқы маңызды қадамын жасаған әрбір көрерменнің жүрегіне жол табады. Сериал 2026 жылдың 14 мамырынан бастап Freedom Media онлайн-кинотеатрында қолжетімді. Сілтеме: https://www.youtube.com/watch?v=2dhvO-Gjzw8

Stan.kz
Жұма, 15 Мамыр, 2026 17:54