Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Президенттің төрағалығымен өткен отырыста үкімет мүшелері ғарыш саласының қазіргі жай-күйі, іске асырылып жатқан жобалар және даму перспективасы туралы баяндады.
Тоқаев саланың стратегиялық мәнін атап өтіп, спутниктік байланыс пен ғарыш инфрақұрылымының орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге ерекше назар аударды.
Отырыс барысында премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев президентке экономика мен мемлекеттік басқарудың игілігі үшін спутниктік жүйелерді дамытуға, ғарыш инфрақұрылымын жетілдіруге, сондай-ақ ғарыш деректеріне негізделген қолданбалы шешімдерді енгізуге бағытталған негізгі жобаларды жүзеге асыру жөнінде мәлімет берді.
“Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаһандық ғарыш секторы түбегейлі өзгерді. Бұл сала тек ірі державалардың "жабық клубына" тиесілі болған дәуір артта қалды. Бүгінде жеке компаниялар байланыс, хабар тарату, навигация, ғарыш мониторингі, ғылыми зерттеулер және интернетпен қамтамасыз ету секілді қолданбалы бағыттарды белсенді түрде дамытып келеді”, – делінген Ақорда хабарламасында.
ОқыңызБұдан бөлек, оырыста ғарышты игеру ғылымын ілгерілету мәселелері қаралған. Әсіресе, ғылыми зерттеулерге, соның ішінде астрофизикаға қолдау көрсету қажеттігі атап өтілді. Ұлттық технологиялық және инженерлік әлеуетті нығайтудың маңызды кезеңі саналған "Бәйтерек" жобасын іске асыру барысы оң бағаланды.
Сондай-ақ мемлекет басшысы Ресеймен және басқа да шетелдік серіктестермен стратегиялық ықпалдастықты дамыту қажет екенін айтты. Байқоңыр қаласы мен оған жақын аудандарда тұратын азаматтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға мән берілді.
Отырыс қорытындысы бойынша президент үкіметке ғарыш саласын жаңғыртуды және оның әлеуетін мемлекет мүддесіне тиімді пайдалануды көздейтін бірқатар нақты тапсырма берді.
Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев Қазақстан Қарулы күштерінің жауынгерлік дайындығын күшейтуді талап еткені туралы жазған едік.
"Трендті ұстап тұрған әже": Желіде немересімен видео түсірген 86 жастағы кейуана қазақстандықтарды сүйсіндірді