Қазақстандықтардың соғыс жүріп жатқан елдерге баруын шектейтін заң қабылданады

Премьер-министр Олжас Бектенов қазақстандықтардың әскери қақтығыс аймақтарына баруын шектейтін заң қабылданатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Олжас Бектенов мәжіліс депутаты Серік Ерубаевтың Таяу Шығыс елдерінен қазақстандықтарды эвакуациялау жағдайына байланысты жолдаған депутаттық сауалға жауап берді.
Депутат мемлекет пен бизнес үшін жолаушыларды эвакуациялаудың жалпы құны, сондай-ақ мұндай жағдай қайталанған кезде резерв қалыптастыру мәселесіне қатысты сауал жолдаған. Алайда Бектенов берген жауабында шығындардың нақты көлемін есептеу мүмкін емес екенін айтқан.
"Коммерциялық рейстерді басқа елдердің әуе компаниялары да жүзеге асырғанын ескерсек, эвакуацияға жұмсалған шығындардың жалпы сомасын анықтау мүмкін емес", – деп жауап берді Олжас Бектенов.
ОқыңызСонымен қатар премьер-министр эвакуация кезеңінде де кейбір адамдардың қақтығыс аймақтарына ұшуды жалғастырғанын, бұл арқылы "қосымша жүктеме" туғызғанын атап өтті.
“Осыған байланысты мұндай аймақтарға уақытша кіруді шектеуге арналған заңнамалық тетіктер әзірленеді. Сондай-ақ дағдарыстық жағдайларда ұлттық және отандық әуе тасымалдаушыларды жедел жұмылдыру рәсімін жетілдіру, сондай-ақ төтенше қажеттіліктер үшін арнайы ұшақтар сатып алу мүмкіндігі мәселесі де әрі қарай қарастырылатын болады”, – делінген жауапта.
Бектеновтің айтуынша, қазір қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық банкпен бірлесіп 2030 жылға дейін сақтандыру секторын дамыту бағдарламасының жобасын және "Сақтандыру қызметі туралы" заң жобасын әзірлеуде.
“Жаңа сақтандыру туралы заң жобасын әзірлеу барысында сақтандыру секторындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік форматын кеңейту және оның әлеуетін күшейту мәселелері қаралатын болады”, – делінген премьер-министр жауабында.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан Таяу Шығыс елдерінен жалпы саны 10 275 қазақстандықты эвакуациялағаны туралы жазған едік.
"Су тапшылығы болып, қала демала алмай қалады": Экологтар Көкжайлауда 650 миллиардқа салынатын тау кластері құрылысын тоқтатуды талап етті