Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

19 шілдеден бастап Қазақстанда барлық банкке ортақ бірыңғай QR жүйесі іске қосылады

QR төлем
Фото: istockphoto.com

2026 жылдың 19 шілдесінен бастап қазақстандық банктер банкаралық QR-төлемдердің бірыңғай жүйесіне қосылуы тиіс. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Банкаралық мобильді төлемдер жүйесі – әртүрлі банктердің клиенттері арасында телефон нөмірі арқылы ақша аударуға және бірыңғай QR арқылы төлем жасауға мүмкіндік береді.

Ұлттық банк мәліметінше, банктер туралы заңға енгізілген түзетулер күшіне енгеннен кейін, бөлшек төлемдермен жұмыс істейтін барлық банктер бұл жүйеге қосылуға міндетті болады. Белгіленген мерзімге дейін олар техникалық жаңартуларды аяқтауы тиіс.

Қазір 16 банк жүйеге қосылатынын растаған. Олардың 12-сінде банкаралық аударымдар қолжетімді, ал QR-төлемдер 7 банк пен Қазпошта-да іске қосылған. Бір банк тестілеу кезеңінде, қалғандары дайындық жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Ұлттық банк өкілдері жүйенің жұмысқа дайын екенін атап өтті. Алайда оған қосылу жылдамдығы банктердің өздерінің техникалық дайындығына байланысты екен.

Сондай-ақ Ұлттық банк бірыңғай QR жүйесін енгізу банктердің өз қызметтерін, соның ішінде биометрия арқылы төлем жасау мүмкіндіктерін дамытуға шектеу қоймайтынын атап өтті. Ұйымның мәліметінше, бұл бәсекелестікті арттырып, клиенттер үшін мүмкіндіктерді кеңейтеді.

Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев ірі банктерді бірыңғай QR жүйесіне көшуді созып отырғаны үшін сынға алған еді. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 23 Сәуір, 2026 19:02