Жанәбіловтер ісі бойынша прокурор блогерлердің қандай жаза алуы мүмкін екенін айтты

Астанада блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша прокурор өз ұстанымын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мемлекеттік айыптаушы Олжас Хайруллаевтың айтуынша, қолданыстағы заңнама блогерлерге берілуі мүмкін жаза түрлерінің әртүрлі нұсқаларын қарастырады. Прокурор соттың шартты жаза тағайындау мүмкіндігін жоққа шығармады.
"Иә, сот шартты жаза тағайындай алады. Баптың санкциялары айыппұл салуды да қарастырады", – деді ол журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып.
ОқыңызПрокурор айыптау тарапының ұстанымы сот жарыссөздері барысында айтылғанын атап өтті.
"Сот жарыссөздерінде біз өз ұстанымымызды баяндадық. Сонымен қатар Эльмира Төлегеноваға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрадық. Бұл ретте оның кәмелетке толмаған балалары бар екені ескерілді. Заңнамада жазаны орындауды бес жылға дейін кейінге қалдыру мүмкіндігі қарастырылған. Біз балаларын ескере отырып, жазаны бір жылдан кейін орындалсын деп сұрап отырмыз. Түпкілікті шешімді сот қабылдайды", – деді прокурор.
Сондай-ақ прокурор істің қалай қылмыстық сипатқа ауысқанын да түсіндірді. Оның айтуынша, әкімшілік сотта істі қарау барысында судья айыпталушылардың әрекеттерінде қылмыстық құқықбұзушылық белгілерін анықтап, материалдарды тексеру үшін уәкілетті органдарға жолдаған.
Еске салсақ, 2026 жылғы 13 наурызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс қарала бастады. Айыпталушылар мен олардың адвокаты сот процесін жабық форматта өткізуді сұрағанымен, сот бұл өтінішті қанағаттандырмады. Алайда сот отырысы кезінде БАҚ өкілдеріне фото және бейнетүсірілім жасауға тыйым салу туралы өтініштері мақұлданды.
22 сәуір күні өткен сот отырысында прокурор ерлі-зайыпты блогерлерге 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған еді.
"Қазақ тілі тестінен өту қиын болып кеткен": Өзбекстаннан келген қандастар азаматтық бермей жатқанына шағымданды