Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жанәбіловтер ісі: Прокурор блогерлерді 4 жылға бас бостандығынан айыруды ұсынды

блогер
Фото: instagram/zhanabylov_e

Астана қаласында блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша сот отырыстары жалғасып жатыр. Мемлекеттік айыптаушы оларға 4 жыл жаза сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Прокурордың айтуынша, ерлі-зайыпты Жанәбіловтер Қылмыстық кодекстің  214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы (Заңсыз кәсiпкерлiк арқылы аса ірі мөлшерде табыс алу және 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру) бойынша айыпталып отыр.

"Бұл – жай ғана қылмыстық іс емес. Бұл іс алдағы уақытта басқалардың да осындай іспен айналысуына сеп болуы мүмкін. Қазіргі жағдайда әлеуметтік желілер белгісіз аудиторияға ықпал ететін қуатты құралға айналды. Егер ол пайдакүнемдік мақсатта қолданылса, адамдарды алдау, жаңылыстыру және экономикалық қылмыс жасау құралына айналады", – деді прокурор.

Прокурор Ерболат Жанәбілоке 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал Эльмира Төлегеноваға да 4 жыл жаза сұралып, бірақ оны 1 жылға кейінге қалдыру ұсынылды.

Сонымен қатар прокурор заңсыз жолмен алынған мүлікті тәркілеуді ұсынды.

"Айыпталушылардан заңсыз алынған табыс ретінде 247 миллион 550 мың теңге өндіруді, қылмыстық қаражатқа сатып алынған 17 дана iPhone 16 және 8 дана Hyundai Elantra автокөлігін тәркілеуді сұраймыз. Сонымен қатар Lamborghini Urus пен Lexus көліктеріне қойылған тыйымды үкімнің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында өзгеріссіз қалдыру қажет. Жәбірленушілерге өтемақы қорына 20 АЕК (86 500 теңге) өндіріп алу және процессуалдық шығындарды өтеу ұсынылады", – деді прокурор.

Айыптаушының пікірінше, мұндай жаза заңды әрі негізді болады.

"Ұсынылған жаза әлеуметтік әділдікті қалпына келтіруге және айыпталушылардың қайта қылмыс жасауына жол бермеуге ықпал етеді. Сонымен қатар бұл басқа тұлғаларды осындай құқық бұзушылықтан сақтандыратын алдын алу шарасы болады", – деді прокурор Олжас Хайруллаев.

Енді сот бойынша келесі кезең жарыссөз басталды.

Еске салайық, 2026 жылғы 13 наурызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс қарала бастады. Айыпталушылар мен олардың адвокаты сот процесін жабық форматта өткізуді сұрағанымен, сот бұл өтінішті қанағаттандырмады. Алайда сот отырысы кезінде БАҚ өкілдеріне фото және бейнетүсірілім жасауға тыйым салу туралы өтініштері мақұлданды. Қорғау тарапы тергеу толық жүргізілмегенін және заңбұзушылықтар болғанын алға тартып, істі прокурорға қайта қарауға жіберуді сұрап отыр.

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 22 Сәуір, 2026 17:20