Көкшетауда кітапханашыларды ұлықтаған маңызды жиын өтті

Көкшетаудағы Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өңірдің үздік кітапханашыларын ұлықтауға арналған салтанатты іс-шара өтті. Рухани құндылықтарды дәріптеген жиынға сала мамандары, зиялы қауым өкілдері және оқырмандар қатысты.
Салтанатты жиында Ақмола облысы әкімінің атынан құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев кітапхана ісінің қоғамдағы орны мен маңызын ерекше атап өтті. Ол өз сөзінде Ұлттық кітап күніне арналған онкүндік аясында атқарылған жұмыстарға жоғары баға беріп, кітапханашыларға алғыс білдірді.
Айта кету керек, онкүндік барысында облыстың қала және аудан орталықтарында кең ауқымды мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, кітап фестивальдері, оқу марафондары, жазушылармен автограф-сессиялар, жаңа кітап клубтарының ашылуы – барлығы да халықтың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.
Биыл облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың 80 жылдық мерейтойы аясында Көкшетауда алғаш рет республикалық деңгейдегі кітапханашылар форумы өтпек. Бұл бастама Қазақстандық кітапханалық одақ қолдауымен жүзеге асырылады.
Жоспарланған форум кәсіби тәжірибе алмасуға, өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға және кітапхана мамандарының біліктілігін арттыруға арналған маңызды алаң болмақ. Сонымен қатар іс-шара кәсіби диалогты дамытып, инновациялық тәжірибелерді енгізуге және қоғамда кітап оқуды кеңінен насихаттауға серпін береді деп күтілуде.
Ауқымды жиынға мемлекеттік органдардың басшылары, салалық ұйымдардың өкілдері, жетекші кітапханашылар, сондай-ақ мәдениет, білім беру және цифрлық технологиялар саласының сарапшылары еліміздің барлық өңірлерінен қатысады деп жоспарланған. Форумның Ақмола облысында өткізілуі өңірдің кітапхана ісі саласындағы кәсіби орталық ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайта түспек.

Сонымен қатар алдағы бір ай ішінде өңір бойынша жаппай кітап клубтарын ашу жоспары бар. Бұл бастама аясында 200 мыңнан астам оқырманды қамту көзделіп отыр. Сарапшылардың пікірінше, бұл қадам кітап оқу мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
"Әкеңіз сізге керек болмаған соң, қайтыс болды": Қазақстандықтар психологтардан қалай зардап шеккендерін айтты