Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Істі тоқтату үшін 8 миллион теңге талап еткен: Ақтаулық блогерлердің интим видеосына қатысты мәселе жалғасын тапты

Хан блогер
Фото: Видеодан скриншот

Желіде жұртқа “Хан” лақап атымен танымал ақтаулық блогердің интим видеосының тарап кетуіне байланысты іс әлі де қаралып жатыр. Істе күдікті ретінде аталған кәмелетке толмаған мобилографтың анасы ұлының кінәсі жоқ екенін айтып, керісінше қысымға ұшырағанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әйелдің айтуынша, 16 жастағы ұлы асабаның түсірілімінде небәрі бірнеше күн ғана жұмыс істеген, алайда еңбекақысын алмаған. Бұдан бөлек, анасының сөзінше, жасөспірімге уәде етілген такси де шақырылмаған, соның салдарынан ол үйіне өз күшімен қайтуға мәжбүр болған.

Ол видеоны ешкім ұрламағанын алға тартты. Анасының айтуынша, жазбаны телефон иесінің өзі абайсызда жіберіп қойған. Сондай-ақ жасөспірімнің туыстары істі тоқтату үшін олардан 8 миллион теңге талап етілгенін, бұған қоса көпшілік алдында кешірім сұрауды да міндеттеп отырғанын жеткізді.

Әйел өздерінің кешірім сұрамайтынын айтты. Оның сөзінше, олар мұндай жазбаларды кімге жіберіп жатқанын өздері қадағалауы керек еді, ал енді бар кінәні кәмелетке толмаған ұлына жабуға тырысып отыр.

Жасөспірімнің анасы бұл жағдайдың отбасы үшін өте ауыр салдары болғанын да айтты. Оның сөзінше, күйзелістің салдарынан өзі жүктіліктің соңғы кезеңінде баласынан айырылған.

Қазір іс сотқа жолданған. Жасөспірім 11-сыныпта оқиды және ҰБТ-ға дайындалып жүр. Оның отбасы бұл жағдай баланың болашағына кері әсер ете ме деп алаңдайды. Сондай-ақ әйел полиция бөлімінде өздерін видеоға түсірмеуді сұрағанын айтты. Себебі ұлының кінәсі әлі дәлелденбеген. Алайда келесі күні олар түсіп қалған видео желіде тарап кеткеніне назазылық білдірді.

Мән-жайы

Бұған дейін көпшілікке "Хан" лақап атымен танымал ақтаулық блогер мен оның жұбайы жеке мобилографын интим видеоларын таратты деп айыптағаны хабарланған еді.

Асабаның айтуынша, видеоны әйелі екеуі жеке мақсатта түсіріп, кейін оны жасырын файлға сақтап қойған. Ал мобилограф олардың телефонының құпиясөзін білгеннен кейін видеоларды алып, таратып жіберген көрінеді. Ал блогердің жары видео тарағаннан кейін бейтаныс ер адамдардан әдепсіз хабарламалар келіп жатқанын айтып, тіпті суицид туралы ойлағанын жеткізді. Ол жұрттан видеоны көрмеуді және әрі қарай таратпауды сұрады.

Сондай-ақ асаба өзге де блогерлерге ескерту жасады.

“Блогерлер мен медиа саласындағы адамдарға үндеу жасағымыз келеді: мобилографтардан сақ болыңыздар. Телефондарыңызды бермеңіздер, құпиясөздеріңізді айтпаңыздар. Әрқайсыңызда осындай видеолар болуы мүмкін. Ешкім бұдан қорғалмаған”, – деді асаба.

Айта кетейік, Қазақстан заңнамасына сәйкес, мұндай құқықбұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған: айыппұл мөлшері 3000–5000 АЕК-ке дейін жетуі мүмкін (шамамен 12,9 млн теңгеден 21,6 млн теңгеге дейін), ал жеке деректерді заңсыз таратқаны үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 23 Сәуір, 2026 14:51