"Өзіміз үшін түсірілген": Қазақстандық блогерлер мобилографты интим видеоны таратты деп айыптады

Көпшілікке "Хан" лақап атымен танымал ақтаулық блогер мен оның жұбайы жеке мобилографын интим видеоларын таратты деп айыптады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі хабарлайды.
Кейінгі бірнеше күнде желіде ерлі-зайыптының жеке мақсатта түсірген видеолары тарап кеткен көрінеді. Блогерлер әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялап, оқырмандарына үндеу жариялады.
Асабаның айтуынша, видеоны әйелі екеуі жеке мақсатта түсіріп, кейін оны жасырын файлға сақтап қойған. Ал мобилограф олардың телефонының құпиясөзін білгеннен кейін видеоларды алып, таратып жіберген көрінеді.
“Кешеден бері жұртты шулатып жатқан видеоны жеке мақсатта, өзіміз үшін түсіргенбіз. Оны көпшілік “хайп үшін өздерің тараттыңдар” деп жатыр, бірақ бұлай хайп жасайтын біз де ақымақ емеспіз. Оның бәрін менің жеке мобилографым таратып жіберген. Ол менің телефонымның құпиясөзін білетін еді. Жау алыстан келмейді. Кім екенін біліп отырмыз, бәрін заң жүзінде шешіп жатырмыз”, – деді ол.
Блогердің жары видео тарағаннан кейін бейтаныс ер адамдардан әдепсіз хабарламалар келіп жатқанын айтып, тіпті суицид туралы ойлағанын жеткізді. Ол жұрттан видеоны көрмеуді және әрі қарай таратпауды сұрады.
“Мен – әйелмін, анамын. Бәрі күйеуімнің рұқсатымен болды, біз жаман оймен жасаған жоқ едік. Біздің балаларымыз, ақ некеміз бар. Кінәлі жазасыз қалмайды. Маған түрлі адамдар, арасында ер адамдар ұялмастан жазып жатыр. Мен күйеуі бар әйелмін, тіпті арасында өзіме қол салу туралы ой келіп жатыр. Тоқтатыңыздар. Видеоны көрмеңіздер, өшіріп тастаңыздар”, – деп көз жасына ерік берді ол.
Сондай-ақ асаба өзге де блогерлерге ескерту жасады.
“Блогерлер мен медиа саласындағы адамдарға үндеу жасағымыз келеді: мобилографтардан сақ болыңыздар. Телефондарыңызды бермеңіздер, құпиясөздеріңізді айтпаңыздар. Әрқайсыңызда осындай видеолар болуы мүмкін. Ешкім бұдан қорғалмаған”, – деді асаба.