Қостанай облысында әйелін қызғаныштан ұрып өлтірген ер адам 8 жылға сотталды

Қостанай облысында қызғаныштан туған жанжал қайғылы аяқталды. Азаматтық некеде тұрған әйелін аяусыз соққыға жыққан ер адам оның өліміне себепкер болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қостанай облысында адам өліміне әкелген ауыр қылмысқа қатысты сот үкімі жарияланды. Меңдіқара аудандық соты азамат И-ге қатысты істі қарап, оны кінәлі деп таныды.
Сот мәліметіне сәйкес ер адам мен марқұм арасындағы жанжал 3 қаңтар күні түнгі сағат 23:00 шамасында болған. Троебратское ауылының тұрғыны алкогольдік масаң күйде қызғаныш салдарынан әйелді қатты соққыға жыққан. Ол жәбірленушінің басы мен іш тұсын бірнеше рет ұрған.
Салдарынан әйел ауыр жарақат алып, оқиға орнында көз жұмды. Дәрігерлер оның жабық бас-ми жарақаты мен ішкі ағзаларының зақымдануынан қайтыс болғанын анықтаған.
Прокурор айыпталушыны 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал ер адам өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты. Жәбірленуші тарап та заң аясында жаза тағайындауды өтінген.
Сот істі қарау барысында кінәні мойындау мен өкінуді, кәмелетке толмаған балалары барын – жеңілдететін жағдай ретінде, ал мас күйде қылмыс жасауды ауырлататын мән-жай ретінде ескерді.
Осылайша сот ер адамды кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Астанада 21 жастағы жігіт бұрынғы қызын үш ай бойы аңдып, қорқытып, балағаттаған. Ол қызғаныштың салдарынан жанжал шығарып, мессенджер арқылы қорлайтын хабарламалар жіберіп, тіпті өзін прокуратура қызметкері ретінде таныстырып, қызды түрмеге отырғызамын деп қорқытқан. Сот оны ұсақ бұзақылық үшін 15 тәулікке қамады және бір жыл бойы жәбірленушіге жақындауға тыйым салды. Сонымен қатар оның әрекеттерінде сталкинг пен қорқыту белгілері болғандықтан, іс қылмыстық тұрғыда да қаралмақ.
Алматы билігі Үлкен Алматы көліне апаратын жаяу жүргіншілер жолына 500 миллион теңге жұмсамақ
Оқыңыз