Алматы билігі Үлкен Алматы көліне апаратын жаяу жүргіншілер жолына 500 миллион теңге жұмсамақ

Үлкен Алматы көлі бағытына қомақты қаржы бөлініп, жаңа туристік инфрақұрылым жобасы басталмақ. Қала билігі жаяу жүргінші соқпағын салуға 518,5 миллион теңгеге мемлекеттік сатып алу конкурсын жариялады. Бұл туралы Stan.kz анықтап көрді.
Алматыда Үлкен Алматы көлі бағыты бойынша туристік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Осыған байланысты Алматының туризм басқармасы туристік маршрут әзірлеу және бағыттаушы белгілер орнату бойынша мемлекеттік сатып алу жариялады. Конкурс ашық түрде өтеді. Өтінімдер 2026 жылғы 21-28 сәуір аралығында қабылданады. Жобаның жалпы құны – 518,5 миллион теңге. Қазір конкурсқа өтінім қабылдау кезеңі жүріп жатыр.
Конкурс аясында туристік маршрутты әзірлеу және бағыттаушы нысандарды орнату көзделген. Құжаттарға сәйкес, бұл жұмыстар металл конструкцияларды дайындауды, оларды таулы аймаққа жеткізуді және орнатуды қамтиды. Жобаны іске асыру мерзімі – 2026 жылдың желтоқсаны.
Конкурстық талаптарға сәйкес, мердігер компанияның материалдық-техникалық базасы жеткілікті болуға тиіс. Атап айтқанда, арнайы техника – манипулятор, грейферлі жүк түсіретін көлік, толық жетекті жүк көліктері және жүк тасымалдауға арналған автокөліктер болуы міндеттелген.
Сондай-ақ еңбек ресурстарына да нақты талаптар қойылған. Лот шарттары бойынша орындаушы құрамында география және геодезия саласының мамандары, графикалық дизайнер, металл өңдеу бойынша маман, ағаш ұстасы мен дәнекерлеуші болуға тиіс. Бұдан бөлек, кемінде 10 жұмысшы, еңбек қауіпсіздігіне жауапты мамандар, таулы аймақта жұмыс істеуге бейімделген спорттық туризм және альпинизм саласының мамандары қарастырылған.
Алдымен, туристік маршруттың кіреберісінде ерекше сәулеттік шешіммен жасалған кіреберіс топ орнатылады. Ол декоративті арка-инсталляциядан, ақпараттық тақталардан және келушілерге бағыт-бағдар беретін композициялық элементтерден тұрады. Арканың биіктігі мен ені кемінде 3 метр болады.
Өзен үстіне ішінара шығып тұратын, ағаш төсенішпен жабдықталған ашық бақылау алаңы салынады. Оның жалпы аумағы кемінде 40 шаршы метр болады. Алаң табиғи гидрологиялық режімге зиян келтірмей орналастырылады.
Демалушылар үшін арнайы алаңдар да қарастырылған:
- 4 дана дөңгелек және төртбұрышты демалыс платформалары
- 2 дана орындықтары бар дөңгелек алаң
- 3 дана ашық дөңгелек күрке (беседка)
Сонымен қатар туристердің қызығушылығын арттыру үшін:
- 3 дана соқпалы аспаптардан жасалған инсталляция
- 4 дана "орман рупоры" атты ерекше дыбыс инсталляциясы
- "БАО" фотозонасы
Осы тұста туристердің қызығушылығын арттыру үшін аумақта арнайы соқпалы музыкалық инсталляциялар орнатылады. Ол ашық аспан астында орналасатын ерекше демалыс элементі. Келушілер оның бетіне қолмен соғып, әртүрлі дыбыс шығара алады. Яғни, кез келген адам өзінше әуен ойнап көре алады.
Қауіпсіз әрі ыңғайлы қозғалыс үшін:
- ұзындығы 500 метр жаңа соқпақ жол салынады
- 500 метрлік экологиялық баспалдақ (қоршауларымен) орнатылады
- 300 метрлік металл баспалдақтар мен аралық алаңдар (жалпы аумағы 20 м²) қарастырылады
- 1 өткел (переправа) салынады
Мұндай инсталляциялар табиғат аясында серуендеп жүрген адамдарға ерекше көңіл күй сыйлап, демалысты одан әрі қызықты етеді.
Бағдарлау жүйесі де жақсарады:
- 15 бағыттаушы белгі (указатель)
- 7 навигациялық стела
Қосымша жайлылық үшін:
- 5 дана көлеңкелі шатыр (паналау орындары)
- 21 дана орындық орнатылады
Бұл жобалар Алматы өңіріндегі ең көрікті жерлердің бірі – Үлкен Алматы көліне келетін туристер үшін қауіпсіз, ыңғайлы әрі заманауи орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жоба күрделі таулы рельефте жүзеге асырылатындықтан, қауіпсіздік мәселесіне ерекше мән берілген. Құжаттарда тік жартастар мен қауіпті учаскелерде жұмыс істеу кезінде кәсіби альпинистердің қатысуы міндетті екені көрсетілген. Жобаны 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек Үлкен Алматы көлі жобасына қатысты құны 368 103 448 теңгеден асатын лот бойынша әлеуетті жеткізуші ретінде "Кенен бұлақ" мүгедектер қоғамдық бірлестігі тіркелгені белгілі болды.
Жобаға қатысатын компанияда міндетті түрде:
- қауіпсіздік техникасы мен еңбекті қорғау бойынша кемінде 4 маман,
- металл өңдеу саласында сертификаты бар 1 маман,
- арнайы білімі бар газ-электр дәнекерлеуші,
- кемінде 5-разрядты ағаш ұстасы,
- эколог маман,
- кемінде 10 жұмысшы,
- 2 графикалық дизайнер,
- спорттық туризм бойынша разряды бар 2 маман,
- сондай-ақ альпинизмнен спорт шебері деңгейіндегі маман болуы талап етіледі.
Барлық маманның біліктілігі тиісті құжаттармен (диплом, сертификат, куәлік) расталуы міндеттелген. Тек кадр емес, техника да қатаң сүзгіден өтеді. Әлеуетті жеткізушіде:
- жүк көтергіштігі кемінде 5,5 тонна болатын арнайы техника (манипулятормен),
- кемінде 3 жүк көлігі (1,5 тоннадан жоғары),
- сондай-ақ манипулятор мен жарық белгісі бар арнайы жүк көлігі болуы тиіс.
Биыл ақпан айында Алматы қалалық мәслихатында экономика және қаржы басқармасының басшысы Бауыржан Құдайбергенов бұған бюджеттен 665 миллион теңге бөлінетінін айтқан еді. Жоба аясында ұзындығы 5,3 шақырым болатын арнайы ұйымдастырылған туристік соқпақ жасалады екен. Бастама өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған.
Бұған дейін, 2025 жылдың жазында қала әкімі Дархан Сатыбалды Алма-Арасан радон көздеріне апаратын жолдарды тексеріп, таудағы маршруттарды жақсарту бойынша тапсырмалар берген. Соның ішінде беткейлерді нығайту, көпірлерді жаңарту, баспалдақтар мен бақылау алаңдарын орнату жоспарланған. Сондай-ақ Үлкен Алматы көліне баратын жолдарды да жетілдіру мәселесі көтерілген.
Айта кетейік, кейінгі жылдары көлге қолжетімділік мәселесі қоғамда қызу талқыланып келеді. 2019-2023 жылдары жол жөндеу және селден қорғау құрылыстарына байланысты автокөлік қозғалысы жабылып, туристер тек жаяу немесе экологиялық автобустармен қатынаған.
2023 жылы тамызда жолдың такси қызметі үшін ашылуы қоғамда наразылық туғызды. Кейін барлық көлікке рұқсат беріліп, туристер саны күрт өсті. Бұл өз кезегінде кептеліс пен қоқыс мәселесін ушықтырды. Кейін тамыз-қыркүйек аралығында аумақтан 4200 келі қоқыс шығарылған. Қоғамдық қысымнан кейін жол қайтадан жабылды.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында да туризм инфрақұрылымына қомақты қаржы бағытталған еді. Мәселен, Шарын шатқалы үстіне құны 1,5 миллиард теңге болатын шыны көпір салу жоспары жарияланған. Жобаны 2026 жылдың соңына дейін аяқтау көзделіп, ол туристер ағынын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді деп болжанған.
"Қазақ тілі тестінен өту қиын болып кеткен": Өзбекстаннан келген қандастар азаматтық бермей жатқанына шағымданды