"Қазақстан темір жолының" қарызы 3 триллион теңгеден асты: Депутат пойыз билеттері қымбаттауы мүмкін дейді

Сенаттағы парламенттік тыңдауда сенатор Шәкәрім Бұқтұғұтов “Қазақстан темір жолы” Ұлттық компаниясының тариф саясаты мәселесін көтерді. Бұған компанияның қарызы себеп болды. Егер бұл мәселе дер кезінде шешілмесе, келер уақытта тасымал тарифтері күрт өсуі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жоғары аудиторлық палатаның дерегіне сүйенсек, елдегі жүк тасымалының шамамен 70%-ы өзіндік құнынан төмен тарифпен жүзеге асырылады. Қазақстанда теміржол тарифтері ЕАЭО және ТМД елдерімен салыстырғанда ең төмен деңгейде қалып отыр. Ал көрші мемлекеттерде дәл осындай тасымал құны 2-4 есе жоғары.
Соның салдарынан Қазақстан темір жолының қаржылық жүктемесі арта түскен. Жаңа қарыздарды қоса есептегенде, компанияның жалпы берешегі 3 триллион теңгеден асып кеткен. Сенатордың айтуынша, бұл мәселені кейінге қалдыру компанияға ғана емес, Қазақстанның транзиттік әлеуетіне де кері әсер етуі мүмкін.
Шәкәрім Бұқтұғұтов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да үкіметтің кеңейтілген отырысында тариф саясатын жедел реформалау қажетін тапсырғанын еске салды.
Айта кетейік, бұған дейін “Қазтеміртранс” Алматы филиалының директоры 540 млн теңге көлемінде пара алды деген ақпарат тараған еді. Алдын ала мәлімет бойынша, ол қаладағы мейрамханалардың бірінде ұсталған.
Компания топ-менеджердің ұсталғанын растады. "Қазтеміртранс" АҚ қазір құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатқанын және қажет құжаттар мен ақпарат беріліп жатқанын мәлімдеді.
Сонымен қатар компания пара сомасына қатысты тараған ақпарат күмән тудыратынын айтты. Себебі күзет қызметіне бөлінген қаржы көлемі көрсетілген сомадан әлдеқайда аз: биыл Алматы филиалындағы өндірістік базаны күзетуге 9 млн теңгеден аса қаражат қарастырылған.
“Қазтеміртранс” заң бұзушылық анықталса, тиісті шара қолданылатынын жеткізді.
"Қазақ тілі тестінен өту қиын болып кеткен": Өзбекстаннан келген қандастар азаматтық бермей жатқанына шағымданды
Оқыңыз