Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан армиясында әскери қызметкерлерге кітап оқуды міндеттейтін жаңа талап енгізілді

кітап оқитын сарбаздар
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазақстан қарулы күштерінде сарбаздардың оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында жаңа талап енгізілді. Мерзімді қызмет кезінде әрбір әскери қызметкер кемінде бес кітап оқуға міндетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Президент тапсырмасымен 23 сәуір Ұлттық кітап күні болып бекітілді. Бұл күн алғаш рет 2025 жылы аталып өтті және ЮНЕСКО бастамасымен белгіленген Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күнімен тұспа-тұс келеді.

Осыған орай, Қарулы күштерде оқу мәдениетін дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Әскерде енгізілген жаңа талапқа сәйкес, әрбір сарбаз қызмет барысында кемінде бес кітап оқуға тиіс.

Бүгінде әскери бөлімдер мен мекемелерде 322 кітапхана жұмыс істейді. Олардың қорында 52 мыңнан астам көркем әдебиет және шамамен 200 мың оқу-әдістемелік басылым бар. Тек биылдың өзінде әскери қызметкерлерге 49 мыңға жуық кітап берілген.

Қарулы күштердің басты мәдени орталығы Ұлттық әскери-патриоттық орталық жанындағы әскери-ғылыми кітапханада 7 мыңнан астам кітап сақталған. Мұнда отандық және шетелдік авторлардың, әскери тақырыпқа арналған еңбектері, сондай-ақ сирек кездесетін басылымдар бар. Мәселен, Жамбыл Жабаевтың 1949 жылы жарық көрген кітаптары да осы қорда сақталған.

Кітапхана қорлары демеушілердің көмегімен, баспалармен әріптестік арқылы және қайырымдылық акциялары аясында үнемі толықтырылып отырады. Әскери қызметкерлер де жеке кітаптарын тарту етіп, іске белсенді қатысады.

Сарбаздар арасында кітап оқуға қызығушылық жоғары. Олар әсіресе Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Әлия Молдағұлова сынды тарихи тұлғалардың өмірбаяндарына ерекше қызығушылық танытады.

Мамандардың айтуынша, кітап оқу тек міндет емес, ол сарбаздардың дүниетанымын кеңейтіп, сыни ойлау қабілетін дамытып, рухани құндылықтарын қалыптастыратын маңызды құрал.

Еске салайық, бұған дейін Сарбаз 2.0 бағдарламасы аясында әскерден оралған сарбаздарға жасалып жатқан жеңілдіктер туралы жазған едік. Атап айтқанда, үздік әскери қызметкерлерге Ұлттық бірыңғай тест тапсырмай-ақ жоғары оқу орындарына грантпен түсу мүмкіндігі беріліп, олар жатақхана және шәкіртақымен қамтамасыз етілетіні айтылған.

Айым Атамбаева
Жұма, 24 Сәуір, 2026 11:20