Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Біз енді қайда барамыз?”: Алматылық 700-ден астам жануарды асырап отырған жерін мемлекет тартып алғанын айтты

жануарлар паналайтын жерді тартып алған
Фото: zoohome_rezerv кадрларынан скрин

Алматыда тұрғын соттың Zoohome Almaty жануарлар панасын мемлекетке өтемақысыз өткізіп жібергеніне шағымданды. Тұрғын 700-ден астам жануармен далада қалғанын айтып, шешімге наразылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.  

Бұл аумақта шамамен 600 жануар өмір сүреді. Оның ішінде иттер, мысықтар, тіпті еноттар да бар. Пананы бала кезінен жануарларды құтқарумен айналысатын Евгения Мамаева құрған. Ол бұл жер телімін жақындарының көмегімен өз қаражатына сатып алып, жануарларды ұстауға бейімдеп жасаған. Көптеген жануарлар бұл жерге иесіз қалған немесе тасталып кеткен күйінде әкелінген.

Дегенмен жақында сот Zoohome Almaty жануарлар панасына қатысты жер телімін мемлекет пайдасына өтемақысыз алып қою туралы шешім шығарған.

“Қазіргі уақытта біздің үйде, біздің панамызда шамамен 600 жануар тұрады, оған қоса тағы 120 жануар қосылды. Бүгін Қонаев қаласының соты шешім шығарып, біздің жер телімін мемлекетке беру туралы үкім қабылдады. Бұл жер жеке меншігімде болған. Мен оны 5 жыл бұрын өз қаражатыма сатып алғанмын.

Мұнда бір-екі адам емес, жүздеген жануар өмір сүріп жатыр. Бірақ олар сол жерді жай ғана алып қойды. Ол жерге жанымды, уақытымды, күшімді және қаражатымды салғанмын. Ең қиыны – бұл жер ешқандай өтемақысыз және балама шешім ұсынылмай-ақ алынып жатыр. Мен қазір Қазақстанда жануарларға қатысты жаппай қырып-жою болып жатқанын сезіп отырмын. Оларды өлтіреді, өртейді, жерлерін тартып алады. Біз енді қайда барамыз?”, – деді әйел.

Алайда Алматы облысының әкімдігі бұл панажайға ауыл тұрғындары бірнеше рет шағымданғанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, шағымдарда үнемі қатты шу мен жағымсыз иіс бар екені көрсетілген.

“Осыған байланысты Іле ауданының әкімдігі мен уәкілетті органдар тексеру жүргізіп, нәтижесінде жер телімі мақсатты түрде пайдаланылмай отырғаны анықталды. Іле ауданы әкімдігі Евгения Мамаеваға елді мекеннен тыс жерден дәл сондай балама жер ұсынуға дайын. Сондай-ақ жағдай бақылауда”, – делінген хабарламада. 

STAN.KZ
Жұма, 24 Сәуір, 2026 14:50