"50 миллион теңгені ғана қайтарамыз": Блогер Жанәбіловтер тергеушілермен мәмілеге келмек болған

Астанада блогер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. 22 сәуір күні куә ретінде Қаржылық мониторинг агенттігінің тергеушісі Абзал Әлімханов жауап берді. Оның сөзінше, қылмыстық іс басталмай тұрып-ақ айыпталушылар тергеу органдарынан рақымшылық мәселесін қарастыруды сұраған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тергеушінің айтуынша, ерлі-зайыпты блогерлер және олардың қорғаушысы іс рақымшылық актісі негізінде тоқтату туралы өтінішті бірнеше рет көтерген. Алайда мұндай шешім қабылдау үшін келтірілген шығын толық көлемде өтелуі керек. Бұдан бөлек, рақымшылыққа ілігу үшін шынайы өкініш те негізгі шарттардың бірі саналады.
Абзал Әлімханов тергеу барысында блогерлер отбасының түрлі марафондардан 247 миллион теңге көлемінде табыс тапқаны анықталғанын жеткізді. Оның мәліметінше, бұл қаржының бір бөлігіне 100 миллион теңгеге Hyundai Elantra автокөлігі, 10 миллион теңгеге телефондар сатып алынған. Сондай-ақ 8 миллион теңге әкімшілік іске қатысқан адвокаттың қызметіне төленген.
Тергеуші қалған қаржы шамамен 50-60 миллион теңге болғанын айтты.
“Сол кезде олар жауап беруден бас тартты. Соның нәтижесінде қалған сома шамамен 50-60 млн теңге болды. Олар “Бұл – біздің таза пайдамыз. Егер соны қабылдасаңыздар, біз осы соманы өтеп, Қазақстан халқынан жеке кешірім сұрауға дайынбыз” деді”, – деп қосты тергеуші.
Мән-жайы
Еске салайық, 2026 жылғы 13 наурызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс қарала бастады. Айыпталушылар мен олардың адвокаты сот процесін жабық форматта өткізуді сұрағанымен, сот бұл өтінішті қанағаттандырмады. Алайда сот отырысы кезінде БАҚ өкілдеріне фото және бейнетүсірілім жасауға тыйым салу туралы өтініштері мақұлданды. Қорғау тарапы тергеу толық жүргізілмегенін және заңбұзушылықтар болғанын алға тартып, істі прокурорға қайта қарауға жіберуді сұрап отыр.
Өрт сөндіргіш, дәрі қобдишасы, апат белгісі: 2026 жылы Қазақстанда көлікте қандай заттар болуы керек
Оқыңыз