Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қоқыс жиналып, ағаштар қурайды”: Алматылықтар қаладағы арықтардың бетін жауып жатқанына наразы болды

Алматыда арықтарды жауып жатыр
Фото: Желі кадрларынан

Желіде алматылықтар Достық даңғылындағы арықтардың бетін жауып жатқанына наразы болды. Айтуларынша, ашық арықтар аптап ыстықта буланып, ағаштарға қолайлы орта қалыптастырады, салқындатады. Алайда бұлай жапса қаланың ауасы мен экологиясына әсер етеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тұрғын ашық арықтар жүйесі бұрыннан бекер жасалмағанын алға тартты. 

“Достық даңғылындағы арықтардың үстін бетон плиталармен жауып жатыр. Достар, бұл не масқара?! Басқаша айту қиын. Арықтар ашық болуы керек қой. Олар Орталық Азияда бекер жасалмаған. Жаздың ыстығында су буланып, ағаштарға қолайлы орта қалыптастырады, ауаны салқындатады.

Мен нағыз алматылық ретінде жыл сайын арықтағы судың азайып бара жатқанын байқап жүрмін, кейде мүлде болмайды. Енді міне, оларды мүлдем жауып тастаған”, – деп жазды тұрғын.

Тағы бір тұрғын арықтар бетонмен жабылса оларға жиналған қоқыстардың көрінбей қалатынын алға тартты.

“Алматының климаты мен ерекшелігін ескерсек, арықтарды ашық қалдыру маңыздырақ. Жазда су буланып, ауаны 2–3 градусқа салқындатып, ылғал береді. Ал бітелген жері бірден көрініп, тазалау да оңай. Сонымен қатар бұл қаланың өзіндік келбетін қалыптастырып, ерекше атмосфера сыйлайды. Қазір әлемде керісінше, бұрын жабылған арықтар мен өзендерді қайта ашу үрдісі жүріп жатыр. Өйткені ашық су қалаға салқындық пен табиғилық береді. Сондықтан Алматыда арықтарды ашық қалдырған дұрыс. Тек қауіпсіздік үшін көпірлер, жарық пен арнайы торлар орнату қажет. Ал толық бетонмен жабу қысқа мерзімде ыңғайлы болғанымен, ұзақ уақытта қалаға зиян тигізеді”, – деп жазды ол. 

Желі тұрғындары да арық беттерін жабуға қарсы шығып сынға алды. Олар нөсер жауын кезде қаланы су басатынына алаңдаулы. 

“Не деген шешім. Ертең белуардан су кешіп жүрмейміз бе? Бұған кім жауап береді?”, “Тағы да салдарын білмейтін адамдар іске кіріскен сияқты”, “Арықтар – тау өзендерінен келетін самал, таза ауа, қаланың микроклиматы ғой!”, “Бұл көмектесуден гөрі, зиян келтіруге көбірек ұқсайды”, – деп жазды жұртшылық.

 

Stan.kz тілшісі жағдайға қатысты қала әкімдігінен пікір сұрады. Алматы қаласының Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы кейбір аумақтарда арық жүйесі қалалық инфрақұрылымды жаңғырту аясында ішінара жабылып жатқанын жеткізді.

“Арықтар Алматының тарихи келбетінің маңызды бөлігі болғанымен, бүгінгі таңда олардың едәуір бөлігі іс жүзінде жаңбыр суын бұратын (ливневка) жүйе ретінде жұмыс істейді. Қазіргі қала жағдайында бұл жүйе қауіпсіздік пен жайлылықтың заманауи талаптарына сәйкестендіру мақсатында кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр”, – деді ведомство.

Басқарманың мәліметінше, арықтарды жабудың мақсаты:

  • жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін арттыру және жол-көлік оқиғаларының қаупін азайту;
  • санитарлық жағдайды жақсартып, жүйеге қызмет көрсетуді жеңілдету;
  • жасыл желекті дамыту және суару жүйесін жүйелі түрде енгізу үшін жағдай жасау.

Әкімдік су басудың алдын алатынын да алға тартты.

“Сонымен қатар су бұру жүйесінің жұмысы толық сақталады. Жаңбыр және еріген қар сулары тиісті бағытқа ағызылып отырады. Ал техникалық қызмет көрсету арнайы инженерлік шешімдер арқылы қамтамасыз етіледі”, – деді ведомство. 

STAN.KZ
Сәрсенбі, 22 Сәуір, 2026 18:04