Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мүдделер қақтығысы: Депутаттар бюджет бөлуге қатысып, бизнес жүргізсе не істеу керек

депутат
Фото: freepik.com

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мәслихаттардағы мүдделер қақтығысы мәселесін көтерді. Оның айтуынша, депутаттардың едәуір бөлігі кәсіпкерлікпен айналысып, жергілікті бюджет қаражатын бөлуге қатысады. Осыған байланысты ол өздеріне қатысы бар жобалар бойынша дауыс беруге шектеу енгізуді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мәжіліс отырысында депутат мүдделер қақтығысы жиі болатынын, оны заңмен реттеу керегін айтты. 

“Өздеріңіз білесіздер, мәслихат депутаттары тұрақты негізде жұмыс істемейді. Олардың көпшілігі кәсіпкерлікпен айналысады. Мұндай жағдайда мүдделер қақтығысы туындауы мүмкін. Мысалы, ірі жоба жүзеге асырылып жатыр делік. Ал мердігер депутатқа қатысы бар компания. Соған қарамастан, депутат жобаны қаржыландыру мәселесі бойынша дауыс беруге қатысады”, – деді депутат. 

Осыған байланысты ол заң жобасы аясында депутаттың өзі қатысы бар жобалар бойынша дауыс беруіне тыйым салу нормасын енгізуді ұсынды.

Оған қоса депутат мәслихат депутаттарының өкілеттігінің кеңейтілуіне қатысты пікір білдірді. 

“Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы” заң жобасында депутаттық сауалдарды жазбаша түрде және сессия барысында жария ету мүмкіндігі қарастырылған. Алайда бұл норманы одан әрі жетілдіру қажет деп санаймын. Кей жағдайда депутаттың көтерген мәселелері өңірлік деңгейде шешілмей қалады. Осыған байланысты депутаттық сауалдарды әкімдерге, аумақтық және жергілікті атқарушы органдарға ғана емес, мәселе шешілмеген жағдайда Үкіметке, орталық уәкілетті органдарға және Бас прокуратураға жолдау мүмкіндігін енгізу керек”, – деді депутат. 

Ал заң жобасының авторы Екатерина Смышляева депутаттың ұсынысына пікір білдірді. Оның айтуынша, елде мемлекеттік органдардың өкілеттігі нақты деңгейлер бойынша бөлінген.

“Мәслихат жергілікті, өңірлік деңгейдегі орган. Ол жергілікті маңызы бар мәселелермен айналысуы тиіс. Ал орталық мемлекеттік органдарға қатысты мәселелер Мәжіліс деңгейінде қаралуы қажет”, – деді ол.

Сонымен қатар Смышляева мәслихат депутаттары мен Мәжіліс депутаттары арасындағы байланысты күшейту керегін айтты. Оның пікірінше, орталық деңгейдегі мәселелерді көтеру үшін осы тетік тиімді жұмыс істеуі керек.

Ал мүдделер қақтығысына қатысты ұсынысты депутат қолдайтынын жеткізді. Ол бұл мәселені екінші оқылымға дейін жұмыс тобы аясында талқылап, нақты шешім қабылдауға болатынын айтты.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда депутаттарды дауыс беру құқығы мен жалақысынан айыру ұсынылды, бірақ бюджетке ықпалы артатыны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 22 Сәуір, 2026 13:43