Қазақстанда депутаттарды дауыс беру құқығы мен жалақысынан айыру ұсынылды, бірақ бюджетке ықпалы артпақ

Қазақстанда мәслихат депутаттарының жауапкершілігін күшейту және өкілеттігін кеңейтуге бағытталған заң жобасы талқыланып жатыр. Құжатта депутаттарды тәртіп бұзғаны үшін дауыс беру құқығынан айыру мен жалақысын қысқарту ұсынылса, сонымен қатар олардың бюджет мәселелеріне ықпалы артпақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстанда мәслихат депутаттарына қатысты жаңа тәртіптік шаралар мен өкілеттіктерді кеңейту мәселесі талқыланып жатыр.
"Мәслихат депутаттарын бір сессия барысында дауыс беру құқығынан айыру және сессия жұмысына қатысу құқығынан шектеу ұсынылады. Ал тұрақты негізде жұмыс істейтін депутаттарға қосымша ретінде бір күндік жалақысынан айыру түріндегі жаза қолданылуы мүмкін", — делінген құжат мәтінінде.
Атап айтқанда, оларды бір сессия бойы дауыс беру құқығынан айыру, сессия жұмысына қатыстырмау көзделген. Ал тұрақты негізде жұмыс істейтін депутаттарға қосымша ретінде бір күндік жалақысынан айыру түріндегі жаза қолданылуы мүмкін.
Бұл шараларды қолдану, сондай-ақ депутаттардың қатысуын бақылау мәслихат аппаратына жүктеледі. Тәртіптік жаза қолдану туралы бастаманы мәслихат төрағасы немесе тұрақты комиссия төрағасы көтере алады.
Сонымен қатар заң жобасы аясында мәслихаттардың бюджетке қатысты ықпалы күшейтілмек. Депутаттарға әкімдік жанындағы бюджеттік комиссиялардың жұмысына қатысуға және қажет болған жағдайда бюджетті нақтылау туралы ұсыныс енгізуге құқық беру ұсынылып отыр.
Құжатта жергілікті қауымдастықтардың рөлін арттыру да қарастырылған. Азаматтардың жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге қатысуының жаңа тетіктерін енгізу, сондай-ақ жергілікті қауымдастық жиналыстары, жиындары мен аумақтық кеңестердің жұмысын нақтылау көзделген. Мұндай кеңестердің шешімдерін мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары 15 күн ішінде қарауға тиіс болады.
Бұдан бөлек, жергілікті маңызы бар мәселелердің ауқымын кеңейту ұсынылған. Оған абаттандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, санитарлық жағдай, құқық бұзушылықтың алдын алу, төтенше жағдайлардың алдын алу шараларына қатысу, мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу сияқты бағыттар енгізілмек.
Жалпы, бұл өзгерістер мәслихаттардың рөлін күшейтуге бағытталған. Бұған дейін сенатор Бибігүл Жексенбай мәслихаттардың, әсіресе қаржы және бюджет саласындағы өкілеттіктері шектеулі екенін айтып, оларды реформалау қажеттігін көтерген болатын.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихаттардың бюджет саясаты мен өңірлердің дамуына қатысты маңызды мәселелерді тұрақты бақылауда ұстауы тиіс екенін атап өткен. Ол мәслихаттар жаңа буын қоғамдық саясаткерлер қалыптасатын алаңға айналуы керек екенін айтып, 2026 жылдың наурызында олардың төрағаларын тұрақты түрде ротациялау жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
ОқыңызЕске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен жүргізіліп жатқан реформалар аясында депутаттардың рөлі мен жауапкершілігін арттыру мәселесі бұған дейін де бірнеше рет көтерілген еді. Алдыңғы саяси өзгерістер кезінде депутаттардың есеп беру тетіктерін күшейту, олардың сайлаушылармен байланысын арттыру және кәсіби құрамын жақсарту қажеттігі айтылды. Сонымен қатар депутаттарды толықтай сайлау арқылы қалыптастыру, яғни түрлі квоталарды қысқарту мәселесі де күн тәртібіне шыққан.
Өрт сөндіргіш, дәрі қобдишасы, апат белгісі: 2026 жылы Қазақстанда көлікте қандай заттар болуы керек