"Жұртпен санаспай жерді қалай берді": Жамбылда шетел азаматтарының алтын барлауына халық наразылық білдірді

Жамбыл облысындағы Қаратау қойнауында алтын барлау жұмыстарын жүргізген қытай азаматтары ауыл тұрғындарының қарсылығына тап болды. Жұрт ерекше қорғалатын табиғи аумақта ауыр техникамен қазба жүргізілгеніне наразы. Тұрғындар жердің бүлінгенін айтып, шетелдіктерді аумақтан қуып шыққан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жамбыл облысындағы Қаратау қойнауында алтын барлау жұмыстарын жүргізген қытай азаматтары ауыл тұрғындарының наразылығын тудырды. Тұрғындардың айтуынша, белгісіз адамдар ерекше қорғалатын мемлекеттік маңызы бар аумақты ауыр техникамен қазып, табиғатқа зиян келтірген.
Жергілікті халықтың сөзінше, тау-тасты аралап жүрген шетел азаматтары жөн сұрағандарға ешқандай түсініктеме бермеген. Осыған наразы болған тұрғындар жиналып, олардың жұмысына қарсылық білдірген.
Кейін белгілі болғандай, олар алтын барлау жұмыстарын жүргізуге келген. Алайда ауылдықтар ата-қоныс пен мал жайылатын жердің бүлінгеніне ашулы. Олар жергілікті биліктің халықпен ақылдаспай рұқсат бергеніне наразы болып, қытай азаматтарын аумақтан қуып шыққан.
“Ата-қоныс, мал өріс, тұмса табиғат бүлінді деген ел жергілікті билік жұртпен санаспай жерді қалай берді дейді. Бұған жол бермейміз”, – деп жергілікті халық нараза болған.
Тұрғындардың айтуынша, Жуалы Қарашат мемлекеттік маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақта мұндай қазба жұмыстарын жүргізу заңға қайшы.
Табиғат және жан-жануарларды қорғау инспекторлары өрескел заң бұзғандарға хаттама толтырып, Ішкі істер органдарына өткізіпті. Алайда, құзырлы органдар ешқандай айыппұл салмай шетел азаматтарын босата салды дейді жұрт. Ал аудан басшылары бұл бар болғаны барлау жұмысы екенін айтады.
ОқыңызТалас ауданы әкімінің орынбасары Дәулет Төленді егер ауылдықтар қарсы болса қазба жұмыстары тоқтатылады деп сендіреді.
"Барлау жұмыстарымен арнайы компания келген болатын. Оның арнайы рұқсаты бар. Кен барлау жұмыстарына. Бірақ халық қарсы болғандықтан бұл мәселе бойынша жиын өтіп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 29 мамырда қоғамдық тыңдау болады. Компания өкілдері келеді. Халық қарсы болса барлау жұмыстары жүргізілмейді", – деді Дәулет Төленді.
Тұрғындар жауынды күнге қарамастан көшеге бекер шықпағандарын айтады. Олар бүлінген аумақты бұрынғы қалпына келтіріп, қазба жұмыстарын жүргізгендердің бұл маңға қайта келмеуін талап етті. Сондай-ақ ауылдықтар 29 мамырға жоспарланған қоғамдық тыңдауға да үзілді-кесілді қарсы екенін жеткізді. Олардың сөзінше, бұл мәселеде ешқандай келісім болмайды. Тұрғындар өз наразылығын аудан басшылығына да жеткізген.
Еске салайық, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында “Азаматтарға арналған үкіметтің” жоғары лауазымды қызметкері 2 жыл бойы лицензиясыз алтын өндіріп келген деген күдікке ілінді. Тергеу мәліметінше, өз бақылауындағы компания арқылы өзен аңғарында ауыр техникамен қазып, табиғатқа 300 млн теңгеден аса зиян келтірген. Тінту кезінде 6,7 келі алтын, 10 млн теңге және 56 мың доллар тәркіленді. Күдіктілер қамауға алынды.
"Жалаңаштанып айға қарап, рәсім жасайды": Батыс Қазақстандағы бір ауылдың тағдырын жат ағым қалай өзгертті?