Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда тұрғын үйді күтіп ұстау тарифін 70 теңгеге дейін көтеру ұсынылды

ескі үйлер
Фото: Depositphotos.com

Алматыда көпқабатты үйлерді басқару және күтіп ұстауға арналған ең төменгі тарифті 40 теңгеден 70 теңгеге дейін өсіру ұсынылды. Жоба қоғамдық талқылауға шығарылды. Егер мәслихат қолдаса, жаңа тариф бір жылға бекітіледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматыда көпқабатты үйлерді күтіп ұстау тарифін екі есеге жуық көтеру ұсынылды. Қала әкімдігінің коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы тұрғын үйді басқару мен ортақ мүлікті күтіп ұстауға арналған ең төменгі тарифті шаршы метріне 70 теңге етіп бекітуді ұсынып отыр. Қазіргі тариф – 40 теңге.

Жоба ашық НҚА порталында қоғамдық талқылауға шығарылды. Талқылау 5 маусымға дейін жалғасады. Егер мәслихат депутаттары ұсынысты қолдаса, жаңа тариф бір жылға бекітіледі.

Ең төменгі тариф тұрғындар пәтер иелері бірлестігін (ОСИ) құрмаған немесе үйді басқару бойынша өз тарифін бекітпеген жағдайда қолданылады.

Ең төменгі тариф деген не?

Ең төменгі тариф — бұл пәтер иелері ай сайын үйді басқару мен күтіп ұстауға төлейтін сома. Оған шатыр, подъезд, жертөле, инженерлік желілер және басқа да ортақ мүлікті күтіп ұстау шығындары кіреді. Алматы тұрғындары бұл төлемді түбіртекте көрсетілетін РСЖ (тұрғын үйді күтіп ұстау шығыны) ретінде біледі.

Бұл тариф барлық үйге бірдей қолданылмайды. Ол тұрғындар жиналыста басқару органын (ОСИ, НСУ) немесе төрағаны таңдамаған жағдайда, сондай-ақ өз тарифін бекітпеген кезде енгізіледі.

Ең төменгі тарифке не кіреді?

Апта сайын:

  • кіреберістер мен баспалдақ алаңдарын, лифт кабиналарын ылғалды тазалау.

Ай сайын:

  • қызметкерлердің жалақысы;
  • сервистік компанияларға төлем;
  • салықтар мен түрлі аударымдар;
  • кеңсе шығындары;
  • аула тазалау, көгалдандыру;
  • қар мен мұзды тазарту.

Жылына бір рет:

  • инженерлік жүйелерді маусымға дайындау;
  • ортақ есептеу құралдарын тексеру;
  • өрт дабылы, газдану және су басу жүйелеріне техникалық қызмет көрсету.

Жылына төрт рет:

  • дератизация, дезинсекция және дезинфекция жүргізу;
  • инженерлік жүйелер мен жабдықтарға техникалық қызмет көрсету.

Сарапшы Талғат Мұхамедғалиевтің айтуынша, әсіресе ескі үйлердің инфрақұрылымы қатты тозғандықтан, қазіргі тариф үйлерді сапалы ұстауға жеткіліксіз. Оның пікірінше, болашақта бұл көрсеткіш 100 теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Айта кетейік, биыл наурызда Астанада да ең төменгі тариф 57 теңгеден 69,2 теңгеге дейін көтерілген еді.

Еске салайық, бұған дейін ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 1 шілдеден бастап Қазақстанда газдың көтерме бағасы 33%-ға қымбаттайтынын мәлімдеген еді. Үкімет бұл шешімді газ өндіруге инвестиция тарту және саланың тартымдылығын арттыру қажеттілігімен түсіндірді.

Айым Атамбаева
Сенбі, 23 Мамыр, 2026 14:05