Қазақстандық жалға берген баспанасына кіре алмай жүр: Жалға алғандар үйдің құлпын ауыстырып тастаған

Орал тұрғыны Мейрам Жүсіпов жалға берген үйіне өзі кіре алмай қалғанын айтты. Ол отбасымен бірге Шығыс Қазақстан облысына көшкен cоң баспанасын жалға берген. Алайда қазір үйге кіре алмай, мүлкіне де қол жеткізе алмай отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үйін жалға берген
Мейрам Жүсіпов 2024 жылы жұмыс бабымен Өскемен қаласына жұбайымен бірге сонда қоныс аударған. Үй бос тұрмауы үшін оны жалға берген.
“Біздің үлкен, жайлы жеке үйіміз бар. Оның алғашқы иесіміз. Үй жаңа болғандықтан, бос тұрмасын әрі күтімсіз қалмасын деп жалға бердік. Оны Оралдағы танымал медиа тұлғаларға жалға тапсырдық. Үйді жалдаған әйелдің гүл және кондитерлік бизнесі бар екенін білемін. Сонымен қатар олар бейнебақылау камераларын орнатумен де айналысады”, – дейді Жүсіпов.
Оның айтуынша, алғашқы жылы ешқандай мәселе туындамаған. Кейіннен жалдау ақысы кешігіп төлене бастаған, ал уақыт өте жағдай мүлде өзгерген.
Үйдегі жиһаз жоғалып, құлып ауыстырылған
Үй иесінің сөзінше, 2026 жылдың көктемінде оған жалға алушының алаяқ екені айтылған бейнежазба жіберілген. Осыдан кейін ерлі-зайыпты Оралға келіп, үйдің жағдайын тексермек болған.
Алайда Жүсіпов үйіне бірден кіре алмаған. Ал жалға алушы кездесуді бірнеше рет кейінге шегерген. Кейін үйге кіргенде, өздері қалдырған жиһаз бен тұрмыстық техниканың басым бөлігі жоғалып кеткенін көрген.
Жоғалған мүліктің қатарында жатын бөлме менбалалар жиһазы, дивандар, үш теледидар, тоңазытқыштар, мұздатқыш камера және басқа да заттар болған. Сонымен қатар үйге бұрыннан бейнебақылау жүйесі орнатылғанына қарамастан, кодпен ашылатын құлып пен қосымша бақылау камералары қойылған.
Жоғалған жиһазды іздеп, үйді босатуды талап еткен
Жүсіповтың айтуынша, жалға алушы бірнеше күн бойы оны әртүрлі мекенжайларға апарып, жиһаз сол жерде екенін көрсеткен. Алайда ешбір жерден мүліктері табылмаған. Осыдан кейін, 27 наурызда жалға алушыға үйді бір ай ішінде босату туралы жазбаша талап жолданған. Алайда үй иесі өз баспанасына әлі күнге дейін кіре алмай отыр.
Бұл жағдай сырттай қарағанда бөтен үйді заңсыз иемденіп алуға ұқсайды. Алайда заң тұрғысынан бұл іске әзірге үйді заңсыз иемденіп алу ұғымын қолдануға болмайды. Себебі тараптар арасында бастапқыда жалға алу туралы келісім болған. Сондықтан дау азаматтық-құқықтық тәртіппен қаралып жатыр. Тараптардың әрекетінің заңдылығына соңғы бағаны сот береді.
Сотта не болды?
Жүсіповтың айтуынша, сот отырыстары кезінде жауапкер үйді қалай иеленгеніне қатысты бірнеше нұсқа айтқан.
Талапкердің сөзінше, алдымен үйді 15 миллион теңгеге сатып алғанын айтқан. Кейін бұл сома 30 миллион теңге деп өзгерген. Одан соң үй үшін қолма-қол 54 миллион теңге бергені жөнінде тағы бір нұсқа айтылған.
Алайда Жүсіпов мұны растайтын ешқандай құжат ұсынылмады, дейді.
Өзінің айтуынша, осы уақыт бойы ай сайын шамамен 300 мың теңге көлемінде аударым алып отырған. Ол бұл қаражаттың жалдау ақысы екенін айтады. Сонымен қатар жалға алушыдан есептегіш көрсеткіштерін жіберіп, коммуналдық қызмет ақысын төлеп отыруды тұрақты түрде сұраған.
Сот қандай шешім қабылдады?
Қазір сот істің мәнін қараған жоқ. 2026 жылы 25 маусымдағы сот ұйғарымына сәйкес, іс Орал қаласының №2 сотынан Батыс Қазақстан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданған. Бұған жауапкердің кәмелетке толмаған балаларымен бірге осы үйде тұрып жатқаны себеп болған. Сондықтан дау балалардың құқықтарына да қатысты болғандықтан, заң бойынша мұндай істі арнайы мамандандырылған сот қарауы тиіс.
Сот әзірге ешкімді үйден шығару немесе тұрғындардың онда заңды тұрып жатқаны жөнінде шешім қабылдамаған. Тек істі қай сот қарайтынын анықтаған.
Екінші тарап не дейді?
Жауапкердің жұбайы әлеуметтік желідегі видердан кейін өзіне тағылған айыптауларға жауап бермейтінін мәлімдеді.
Оның айтуынша, Instagram парақшасын бұзып кіруге әрекет жасалған. Соның салдарынан парақшасы бұғатталған.
“Жолдасым екеуміз бұл арандатуға ермейміз. Мұның бізге еш әсері жоқ. Соңғы видеода жігіт 2024 жылы үйді блогерлерге жалға бергенін айтты. Бірден айтайын, 2024 жылы мен қазіргі күйеуімді мүлде танымайтынмын. Ол маған тек желтоқсан айында ұсыныс жасады, ал 2026 жылдың ақпанында тұрмысқа шықтым”, – деді ол.
Қазір екінші тарап бұл даудың мәні бойынша өзге жария пікір білдірген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасының талаптары күшейтілетіні туралы жазған едік.
Оқыңыз