Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Пробациядағы азамат жұмыстан кешіккені үшін түрмеге түсе жаздады

пробациядағы азамат
Фото: Әлеуметтік желіден

Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек аудандық соты пробация қызметінің сотталғанға тағайындалған бас бостандығын шектеу жазасын бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы ұсынысын қанағаттандырмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Батыс Қазақстан облысы соттарының ресми Telegram-арнасында жарияланған мәліметке сәйкес, Бәйтерек аудандық сотында №1 пробация қызметінің сотталғанға тағайындалған бас бостандығын шектеу жазасын бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы ұсынысы қаралған.

Іс материалдарына сәйкес, сотқа жүгінуге сотталғанның пробация қызметіне ескертпестен әкімшілік-аумақтық бірлік шегінен шығуы және кешкі сағат 22:00-ден кейін тұрғылықты жерінде болмауы негіз болған.

Сот отырысында сотталған бұл ұсыныспен келіспейтінін айтып, аталған бұзушылықтарды қасақана жасамағанын түсіндірді. Оның айтуынша, еңбек міндеттерін атқаруына байланысты Орал қаласына тұрақты шығуға рұқсаты бар. Ол тек бір рет кешкі сағат 22:00-ден кейін үйіне келе алмағанын мойындап, оған жұмыстан уақытында шыға алмауы себеп болғанын айтты.

Іс материалдарын зерделеген сот бұл бұзушылықтардың Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 67-бабының 2-бөлігінде көзделгендей қасақана жасалған бұзушылықтарға жатпайтынын анықтады. Себебі мұндай әрекеттердің қайталануы болмаған.

Сонымен қатар, сотталғанның еңбек міндеттеріне байланысты уәкілетті орган берген әкімшілік-аумақтық бірлік шегінен шығуға тұрақты рұқсаты болғаны ескерілді.

Шешім қабылдау кезінде сот сотталғанның жеке басын, оң мінездемесін, жаза өтеу кезеңінде әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтарға жол бермегенін, тұрақты жұмыс орнының барын және оны қоғамнан оқшауламай-ақ түзетуге мүмкіндік бар екенін назарға алды.

Осылайша, сот пробация қызметінің бас бостандығын шектеу жазасын бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы ұсынысын қанағаттандырудан бас тартты. Қаулы заңды күшіне енді.

Еске салайық, бұған дейін Батыс Қазақстан облысында аңшылық кезінде танысын абайсызда атып өлтірген азаматқа сот үкімі шыққан еді. Тергеу мәліметінше, ер адам мылтығына жабысқан қарды тазаламақ болған сәтте абайсызда шүріппені басып жіберіп, оқ танысына тиіп, ол оқиға орнында көз жұмған. Сот айыпталушының кінәсін мойындауы, өкінуі және өзге де жеңілдететін мән-жайларды ескеріп, оны 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына кескен.

Айым Атамбаева
Жұма, 24 Шілде, 2026 13:06
Талқылау