Енді аймақтарда депутаттар әкімнің халықпен кездесуінен кейін қабылданған жоспарының орындалуын қадағаламақ

Мәжілісте “Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы” заң жобасы қаралып жатыр. Оған сәйкес, енді депутаттар әкімнің халықпен кездесуінен кейін қабылданған жоспардың орындалуын бақылайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл ұсынысты депутат Екатерина Смышляева мәлімдеді. Ол басқа да өзгерістерді атап өтті.
“Сонымен қатар депутаттарға бюджетке түзетулер енгізуді бастамашылық ету, бюджет комиссиясының жұмысына қатысу мүмкіндіктері беріледі. Мәслихаттардың коммуналдық объектілерді басқаруға қатысуы кеңейтіледі. Ал депутаттық сауалдары енді ашық түрде жария етіліп, әлеуметтік кепілдіктері де күшейеді. Атап айтқанда іссапар шығындарын өтеу қарастырылған”, – деді Смышляева.
Бұдан бөлек, мәслихат таратылған жағдайда тұрақты негізде жұмыс істейтін депутаттарға төлемдер беру ұсынылды.
Сонымен қатар мәслихат аппаратының жұмысы институционалдық тұрғыдан күшеймек. Аппарат басшысын тағайындау және қызметінен босату құзыреті тікелей мәслихат төрағасына берілуі мүмкін.
“Аппарат басшысы кадрларды басқару және қызметкерлерді тағайындау өкілетіне ие болады. Мәслихат таратылған жағдайда аппарат басшысының мәртебесіне қатысты мәселелер де реттеледі”, – деді депутат.
Жалпы зааң жобасы өңірлерді күшейтуге және жергілікті биліктің мәртебесін арттыруға бағытталған.
“Жобаның негізгі бағыттарының бірі өзін-өзі басқару институттарын дамыту. Құжатта жергілікті қауымдастықтың жиыны мен жиналысы ұғымдары нақты ажыратылып, заң жүзінде бекітіледі. Жиналыс өзін-өзі басқару органы ретінде анықталса, жиын тұрғындардың қатысу нысаны ретінде қарастырылады. Жиын өткізуді бастамашылар үшін хабарламалық тәртіп енгізіледі. Сонымен қатар аумақтық кеңестердің құрылу тәртібі мен функциялары нақтыланады. Бұған дейін бұл норма іс жүзінде толық жұмыс істемеген. Жаңа өзгерістер ірі ауылдар мен қалалар тұрғындарының басқару процесіне белсенді қатысуына мүмкіндік береді”, – деді Смышляева.
Сонымен қатар заң жобасында өңірлердің қаржылық дербестігін күшейтуге бағытталған нормалар қарастырылған.
“Жергілікті бюджеттерге қосымша үш түрлі төлем мен айыппұл түсетін болады. Бұл жергілікті өзін-өзі басқару органдарына қаражатты бөлу және шешім қабылдау барысында көбірек еркіндік береді”, – деді депутат.
Өрт сөндіргіш, дәрі қобдишасы, апат белгісі: 2026 жылы Қазақстанда көлікте қандай заттар болуы керек