Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан 1 мамырдан бастап Ресей арқылы мұнай транзитінен айырылып қалмақ – Министр

Ресей мұнай транзиті
Фото: Видеодан скрин/Getty Images/Janos Kummer

22 сәуір күні Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Ресей арқылы Германияға мұнай транзитінің тоқтатылуы туралы ақпаратты растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ерлан Ақкенженовтың айтуынша, Ресей тарапы мұны әлі ресми түрде растаған жоқ. Алайда бейресми арналардан алынған мәліметтерге сәйкес, мамыр айына арналған транзит іс жүзінде тоқтатылған.

"Бейресми дереккөздерге сәйкес, бұл ақпарат рас. Мамыр айына Атырау – Самара бағыты бойынша “Дружба” мұнай құбыры арқылы және әрі қарай Шведт зауытына дейінгі транзит тоқтайды. Ресей тарапы, бейресми деректер бойынша, Қазақстан мұнайын тарту бойынша техникалық мүмкіндік жоқ екенін айтады. Бұл мүмкін, Ресей инфрақұрылымына жасалған соңғы соққыларға байланысты болуы ықтимал. Мен болжамым осындай", — деді министр.

Сонымен қатар ол екінші тоқсанға арналған индикативті көрсеткіштер де нөлдік көлемді қарастыратынын атап өтті.

"Бірақ мен әріптестеріммен сөйлестім, олардың атын атамай-ақ қояйын, техникалық мүмкіндік мәселесі шешілген бойда, Қазақстан мұнайының транзиті қайта жанданады", — деп сендірді ол.

Сонымен бірге Қазақстан экспорт көлемдерін басқа бағыттарға қайта бөлу жұмыстарын бастап кетті.

Айта кетейік, бұған дейін БАҚ Ресейдің 1 мамырдан бастап “Дружба” мұнай құбыры арқылы Қазақстаннан Германияға мұнай жеткізуді тоқтатуды жоспарлап отырғаны туралы жарыса жазған еді. 

Reuters агенттігіне пікір білдірген дереккөздердің айтуынша, жаңартылған экспорт кестесі Қазақстан мен Германияға жолданған.

Ресей мен Германия арасындағы саяси және іскерлік қатынастар Украинадағы соғысқа байланысты шиеленіскен. Себебі Берлин Киевті қолдап отыр.

2022 жылы Германия Ресейдің ең ірі мұнай компаниясы – Роснефть бөлімшелерін сыртқы басқаруға берген еді. Бұл Берлин мен Мәскеу арасындағы ұзақ жылдарға созылған энергетикалық байланыстарды өзгерткен еді.

2025 жылы Қазақстан “Дружба” құбыры арқылы Германияға 2,146 миллион тонна мұнай (тәулігіне шамамен 43 мың баррель) жеткізген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 44% көп.

Қазақстан мұнайы Германияға Польша арқылы өтетін “Дружба” құбырының солтүстік тармағы арқылы жеткізіледі. Соңғы уақытта жеткізілімдер Ресей аумағындағы құбырға жасалған украин дрондарының шабуылдары салдарынан бірнеше рет тоқтаған. 

Германиядағы ең ірі зауыттардың бірі – Шведт қаласындағы PCK мұнай өңдеу зауыты ішінара осы құбыр арқылы жеткізілетін қазақстандық мұнайға тәуелді. Бұл Ресей мұнайын жеткізу 2022 жылы тоқтағаннан кейін жүзеге аса бастады.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 22 Сәуір, 2026 11:38