Ресей "Дружба" мұнай құбыры арқылы Қазақстан мұнайын Германияға жеткізуді тоқтатпақ – БАҚ

Ресей 1 мамырдан бастап “Дружба” мұнай құбыры арқылы Қазақстаннан Германияға мұнай жеткізуді тоқтатуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Reuters агенттігіне пікір білдірген дереккөздердің айтуынша, жаңартылған экспорт кестесі Қазақстан мен Германияға жолданған.
Ресей мен Германия арасындағы саяси және іскерлік қатынастар Украинадағы соғысқа байланысты шиеленіскен. Себебі Берлин Киевті қолдап отыр.
Ресейдің Энергетика министрлігі бұл мәселеге қатысты әзірге жауап берген жоқ. Ал Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мұнай жеткізуді тоқтату туралы ақпараттан бейхабар екенін айтты.
2022 жылы Германия Ресейдің ең ірі мұнай компаниясы – Роснефть бөлімшелерін сыртқы басқаруға берген еді. Бұл Берлин мен Мәскеу арасындағы ұзақ жылдарға созылған энергетикалық байланыстарды өзгерткен еді.
2025 жылы Қазақстан “Дружба” құбыры арқылы Германияға 2,146 миллион тонна мұнай (тәулігіне шамамен 43 мың баррель) жеткізген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 44% көп.
Қазақстан мұнайы Германияға Польша арқылы өтетін “Дружба” құбырының солтүстік тармағы арқылы жеткізіледі. Соңғы уақытта жеткізілімдер Ресей аумағындағы құбырға жасалған украин дрондарының шабуылдары салдарынан бірнеше рет тоқтаған.
Германиядағы ең ірі зауыттардың бірі – Шведт қаласындағы PCK мұнай өңдеу зауыты ішінара осы құбыр арқылы жеткізілетін қазақстандық мұнайға тәуелді. Бұл Ресей мұнайын жеткізу 2022 жылы тоқтағаннан кейін жүзеге аса бастады.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ Ресей мұнайын жеткізуге рұқсат беретін лицензия мерзімін тағы бір айға ұзартқаны туралы жазған едік.
"Балалар еденге жатып, суға түспеген": "Өзенмұнайгаз" қызметкерлерінің балалары барған лагерь талапқа сай болмай шығып, 315 мың теңге айыппұл арқалады
Оқыңыз