Қарағанды ауруханасындағы баланың өлімі: Денсаулық сақтау министрлігі сараптамалық комиссия құрды

Қарағандыдағы облыстық клиникалық аурухананың инфекциялық орталығында бір жасар баланың көз жұмуы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Осы жағдайға байланысты денсаулық сақтау министрлігі шұғыл түрде арнайы сараптамалық комиссия құрып, медициналық көмектің сапасына тексеріс бастағанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қарағандыдағы ауруханада бір жасар баланың қайтыс болуына байланысты министрлік арнайы сараптамалық комиссия құрды.
"Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасының инфекциялық орталығына жоспардан тыс тексеру жүргізуді бастады. Бұған баланың туыстарының медициналық көмектің сапасына қатысты шағымы және 2026 жылғы 20 сәуірдегі тергеу органдарының қаулысы негіз болған. Бала 2026 жылғы 25 наурыз бен 17 сәуір аралығында стационарда ем алған. Дәрігерлер оған сепсис диагнозын қойған", – делінген хабарламада.
Ауру полиоргандық жеткіліксіздікпен, аралас генезді шокпен, ауыр респираторлық дистресс-синдроммен және қатар жүретін инфекциялармен асқынған.
"Емдеу барысында облыстық және республикалық мамандардың қатысуымен 12 рет консилиум өткізілген. Балаға кең көлемді антибиотиктік және реанимациялық ем-шаралар жасалған. Соған қарамастан, 17 сәуір күні сағат 13:01-де баланың қайтыс болғаны тіркелді. Қазір сот-медициналық сараптама аясында қажетті зерттеулер жүргізіледі. Оның қорытындысы 2026 жылғы 7 мамырға дейін дайын болады деп жоспарланған", – деді министрлік.
Тексеру үшін балалар реаниматологиясы, пульмонология, инфекциялық аурулар, клиникалық фармакология және басқа да салалар бойынша тәуелсіз мамандардан тұратын сараптамалық комиссия құрылған.
"Сонымен қатар Астана медицина университеті мен тәуелсіз сарапшылар қауымдастығының өкілдері тартылған. Тексеру нәтижелері бойынша материалдар тергеу органдарына жолданады. Бұл іс Комитет басшылығының ерекше бақылауында", – делінген министрлік жауабында.
Еске салайық, Қарағандыда бір жас үш айлық Кәусар Серік есімді бүлдіршін көз жұмған еді. Бала бастапқыда ішек инфекциясымен ауруханаға түскен, алайда жағдайы күрт нашарлап, жансақтау бөліміне ауыстырылған. Үш жарым апта ем қабылдағаннан кейін дәрігерлер оның қайтыс болғанын хабарлаған.
Марқұмның анасы ауруханада қажетті медициналық жабдық, нақтырақ айтқанда, жасанды тыныс алу аппараты болмағанын айтып, оны Астанадан алдыруға да рұқсат берілмегенін мәлімдеді. Оның сөзінше, балаға пульмонолог дәрігердің тұрақты бақылауы жеткіліксіз болған.
Ал денсаулық сақтау министрлігі жағдай бойынша тексеріс басталғанын хабарлап, балада ауыр инфекциялар, иммун тапшылығы және вакцина алмағаны анықталғанын мәлімдеді. Ведомство медициналық көмек толық көрсетілді деп отыр. Қазір оқиға қоғамда қызу талқыланып, өңірлердегі медициналық жабдықтардың жеткіліктілігі мәселесін қайта көтерді.
"Балалар еденге жатып, суға түспеген": "Өзенмұнайгаз" қызметкерлерінің балалары барған лагерь талапқа сай болмай шығып, 315 мың теңге айыппұл арқалады