"Араға 20 жыл салып келіп отырмын": Қазақстан мен Моңғолия президенттері келіссөз жүргізді

Ақордада Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүхті салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Мемлекет басшылары бір-біріне делегация мүшелерін таныстырып, құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берді. Артынша екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сосын Қазақстан мен Моңғолия президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді. Тараптар екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Тоқаев Қазақстан мен Моңғолияны тарихи тамыры ортақ, бауырлас халықтар екенін жеткізді. Оның айтуынша, екі ел арасындағы қарым-қатынас бүгінде стратегиялық серіктестік деңгейінде дамып келеді.
“Біз – тарихы ортақ, тамыры бір бауырлас елдерміз. Қазақ пен моңғол – ғасырлар бойы іргесі бөлінбеген көршілер. Халықтарымыздың өмір салты мен дәстүрлері өте ұқсас. Қазір де осы мәңгі құндылықтарды арқау етіп келеміз. Бүгінде ықпалдастығымыз стратегиялық серіктестік рухында дамып жатыр. Мемлекетаралық, парламентаралық және үкіметаралық байланыстарымыз нығаюда. Құрметті Президент мырза, Сіз екіжақты қарым-қатынасымызды жаңа деңгейге көтеруге зор үлес қосып келесіз. Мұны жоғары бағалаймыз”, – деді мемлекет басшысы.
Сонымен қатар президент Моңғолиядағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістеріне жоғары баға берді. Ол елде реформалар мен ірі жобалар жүзеге асырп жатқанын айтты.
“Қажырлы еңбегіңіздің арқасында Моңғолияда көптеген оң өзгеріс болып жатыр. Былтыр еліңіздің экономикасы 6,8%-ға өсті. Бұл Сіздің салиқалы басшылығыңыздың жемісі екені сөзсіз. Халқыңыздың әл-ауқатын жақсарту үшін маңызды бастамаларды жүзеге асырдыңыз. Моңғолияда мемлекетті дамытуға арналған "Vision-2050" кешенді жоспары қолға алынғанын білеміз. Оған қоса Қарақорым атты жаңа қала салуды бастап кеттіңіздер. Бірегей жобалардың табысты болуына тілектеспіз”, – деді Тоқаев.
ОқыңызӨз кезегінде Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгеніне қуанышты екенін жеткізді. Оның айтуынша, екі ел арасындағы байланыс соңғы жылдары жаңа деңгейге көтерілген.
“Араға жиырма жыл салып Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгеніме қуаныштымын. Сіздің осыдан екі жыл бұрын біздің елімізге жасаған мемлекеттік сапарыңыз моңғол-қазақ қарым-қатынастарын стратегиялық серіктестіктің жаңа деңгейіне көтерді. Бұл уақиға екіжақты байланыстар тарихына алтын әріппен жазылатыны сөзсіз”, – деді ол.
Сонымен қатар ол Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік дамудағы жетістіктерін айтты.
“Құрметті президент мырза, Сіздің көреген, парасатты және жоғары кәсіби басшылығыңыздың арқасында Қазақстан экономикалық және әлеуметтік салаларды дамытуда айтарлықтай табысқа жетті. Моңғол халқы еліңіздің жетістіктерін жіті бақылап отыр. 2024 жылы Моңғолияға сапарыңыз барысында оннан астам құжатқа қол қойылды. Бүгін де бірқатар маңызды құжаттар қабылданады”, – деді Моңғолия президенті.
Айта кетейік, бұған дейін Моңғолияда премьер-министр ұлы сән-салтанатты өмірін көрсеткені үшін отставкаға кеткені туралы жазған едік.
"Балалар еденге жатып, суға түспеген": "Өзенмұнайгаз" қызметкерлерінің балалары барған лагерь талапқа сай болмай шығып, 315 мың теңге айыппұл арқалады