Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Моңғолияда премьер-министр ұлы сән-салтанатты өмірін көрсеткені үшін отставкаға кетті

Фото: cabinet.gov.mn

Моңғолияда премьер-министрдің ұлының үлде мен бүлдеге оранған өмір салтына байланысты қоғамда наразылық туындап, кейін шенді сол үшін отставкаға кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Дауыс беру нәтижесінде премьер-министр қажет 64 дауыстың орнына небәрі 44 дауыс жинаған.

"Моңғолия премьер-министрі (Оюун-Эрдэнэ) қоғамда ұлының ысырапшыл шығындарына байланысты туындаған наразылықтар аясында парламент сенімін жоғалтып, кейін отставкаға кетті. Бұл жағдай минералды ресурстарға бай Орталық Азия еліндегі саяси тұрақсыздықты күшейтті", – делінген хабарламада.

Парламенттегі дауыс берудің алдында сөйлеген сөзінде Оюун-Эрдэнэ өзінің соңғы жетістіктері туралы айтты. Кейін "саяси шабуылдар" мен наразылықтарға назар аударды. Ол елдегі соңғы экономикалық жетістіктерге, соның ішінде экспорттық табыстың артуы мен ЖІӨ өсіміне, сондай-ақ француздың Orano Group компаниясымен жасалған 1,6 миллиард долларлық уран кенішін игеру туралы инвестициялық келісімге тоқталды.

Алайда Оюун-Эрдэнэ әлеуметтік және ішкі саяси мәселелерге жеткілікті назар аудармағанын мойындады. Алдағы күндері премьер Моңғол Халық партиясына кіріп,  жаңа үкімет құруға тырысатыны туралы болжамдар бар.

Оюун-Эрдэнэ 2021 жылдың қаңтарынан бастап премьер-министр қызметін атқарған.



Фото: cnn.com

Оның отставкасынан бұрын, 14 мамырда Улан-Баторда жастар ұйымдастырған жаппай наразылық акциялары басталды. Наразылар Сүхбаатар алаңына жиналып, премьер-министрдің отставкасын және үкіметтің ашықтығын талап етті. Бұл наразылықтарға әлеуметтік желілерде премьер-министр ұлының қалыңдығының бренд сөмкелері, неке жүзігі мен Mercedes-Benz автокөлігін көрсеткен видеосының жариялануы себеп болған. Бұл елдегі теңсіздік пен жемқорлыққа алаңдаған халықтың ашуын тудырды.

Айта кету керек, Моңғолияда бұған дейін де жаппай наразылықтар болған. Мысалы, 2024 жылғы қаңтарда тұрғындар түтін, жоғары салықтар, кедейлік пен жұмыссыздыққа шағымданып, үкіметтің отставкасын талап еткен.

Ал 2022 жылдың желтоқсанында Моңғолияда Қытайға экспортталуға тиіс 12 миллиард долларлық көмір ұрлығына қатысты жемқорлық дауына байланысты тағы да жаппай наразылықтар өткен. Наразы жұрт ұрлық жасағандарды жазалауды және үкіметтің отставкасын талап етті. Сол кезде күштік құрылымдар мен бейбіт тұрғындар арасында қақтығыстар болып, бірнеше адам жараланды.

STAN.KZ
Сейсенбі, 03 Маусым, 2025 17:03
Талқылау