Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Фармөнімдердің Еуропаға экспорты: Қазақстаннан дәрі жеткізу жаңа деңгейге шықты – "Polpharma SANTO" компаниясының бас директоры Адам Алексюк

Фото: Polpharma Santo фармацевтикалық компаниясының бас директоры Адам Алексюк

Түркістан төрінде өткен Қазақстандық фармацевтикалық форум биыл ерекше мазмұнға ие болды. Саланың болашағы талқыланған жиындағы басты спикерлердің бірі – Орталық Азиядағы Polpharma Santo фармацевтикалық компаниясының бас директоры Адам Алексюк. Біз Адам мырзамен отандық өндірістің экспорттық серпілісі, баға саясатындағы "көрінбейтін кедергілер" және цифрлық таңбалаудың халық денсаулығы үшін маңызы туралы ашық әңгімелестік.

 

– Адам мырза, бүгінде Қазақстан аймақтық фармацевтикалық хаб рөліне қаншалықты дайын? Жаһандық фарм-гиганттармен бәсекелесе аламыз ба және неліктен қазір Азия үшін "мүмкіндіктер терезесі" ашылып отыр?

– Қазақстан бүгінде жай ғана өткізу нарығы болудан асып, аймақтық хабқа айналудың табалдырығында тұр. Біз бәсекеге мінсіз сапа арқылы ғана түсе аламыз. Polpharma Santo кейінгі төрт жылда үлкен трансформациядан өтті. Ең басты жетістігіміз – 2025 жылдың наурызында Орталық Азияда алғашқы болып Еуропалық Одақтың GMP сертификатын алуымыз. Бұл – тарихи сәт. Соңғы ондаған жылда маңызды дәрі-дәрмек тиелген жүк көліктері Еуропа мен өзге дамыған елдерден Қазақстанға келетін. Енді тасымал легі өзгеріп отыр. 

Ал "мүмкіндіктер терезесіне" келсек, қазір әлемде жеткізу тізбегі диверсификацияланып жатыр. Жаһандық дағдарыстар мен геосаяси жағдайлар өндірісті локализациялаудың маңызын көрсетті. Еліміздің Еуропа мен Қытай арасындағы сенімді өндіріс алаңына айналуға мүмкіндігі мол. 

– Бүгінде Қазақстан фармацевтика саласында импортқа тәуелділікті азайтуды көздеп отыр. Сіздіңше, нағыз "дәрі-дәрмек тәуелсіздігіне" қалай қол жеткіземіз? Қазақстан үшін бүгінде қандай технологиялардың трансфері аса маңызды деп санайсыз?

– Өте орынды сұрақ. Фармацевтика – жай ғана бизнес емес, ол ұлттық дәрілік қауіпсіздіктің тірегі. Короновирус пандемиясы немесе қазіргі Таяу Шығыстағы жағдайлар көрсеткендей, жеткізу тізбегі кез келген уақытта үзілуі мүмкін. Сондықтан бізге жай ғана шетелдік дәріні сыртынан қаптап шығару (переупаковка) жеткіліксіз. Бізге толық циклді өндіріс қажет. Яғни, препараттың өзінен бастап, оның қаптамасына, блистеріне дейін осы жерде шығарылуға тиіс. Біз осы бағытта нақты қадам жасадық. Биыл қаңтарда 38 жаңа өнімді локализациялау бойынша ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойдық. Аталған тізімге заманауи кардиологиялық препараттар, онкологияны емдеуге арналған дәрілер мен соңғы буындағы антибиотиктер кіреді. Бұл – Қазақстан нарығы үшін үлкен жеңіс.

– Өңір ішінде толық циклді өндірісті дамыту неліктен маңызды және импортқа тәуелділікті төмендету үшін қандай қадамдар қажет?

– Толық циклді өндіріс бұл – нақты тәуелсіздік. Дайын өнімді, оның ішіндегі субстанцияны, тіпті блистері мен қаптамасын осында жасағанда ғана біз кез келген әлемдік дағдарысқа (ковид немесе логистикалық үзілістер) дайын боламыз. Бұл – жаңа жұмыс орындары мен елге түсетін салық. Мемлекет жай ғана сыртын қаптап шығарумен айналысатындарды емес, өндіріске, R&D-ға және кадр даярлауға нақты инвестиция салатын кәсіпорындарды қолдауға тиіс. Біздің ортақ мақсатымыз – отандық өнім үлесін нарықта 50%-ға жеткізу.

– Мемлекеттік сатып алу мен бағаны реттеудің қазіргі моделі саланың дамуын ынталандыра ма әлде тежей ме? Бағаны қатаң бақылау кезінде дәрі-дәрмек тапшылығы туындау қаупі бар ма?

– Бұл – тепе-теңдік мәселесі. Біз екі оттың ортасындамыз: бір жағынан пациентке қолжетімді баға ұсынуымыз керек, екінші жағынан зауытты шығынға батырмауымыз қажет. Қазақстандағы инфляция деңгейі (12% шамасында), шикізат пен логистика құнының қымбаттауы өндіріске тікелей әсер етеді. Егер мемлекет бағаны қатаң реттеп, оны төмен деңгейде шегелеп тастаса, өндіруші ол өнімді шығарудан бас тартады. Осының салдарынан биыл біз 18 өнімді шығаруды тоқтатуға мәжбүр болдық, өйткені оларды шығынмен сату компанияның банкрот болуына әкеледі. Дегенмен Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы шешімі – құны 1 АЕК-ке дейінгі дәрілердің бағасын қайта реттеуі үлкен көмек болды. Бұл нарықтағы арзан, бірақ өте қажет дәрілердің тапшылығын жояды. Сондай-ақ "композит қызметінің" енгізілуі арқылы жаңа дәріні тіркеу мен бағасын бекіту процесі жеделдеді. Бұл бізге бизнесті 5 жылға дейін болжауға мүмкіндік береді.

– Сонда Polpharma Santo шығаратын дженериктердің инновациялық дәрілерден айырмашылығы мен пайдасы неде?

– Пациенттерге қажет дәрілердің 75%-ы – дженериктер. Олардың басты пайдасы – бағасында. Жаңа дженерик нарыққа шыққанда, ол түпнұсқа препараттан бірден 30% арзан болады. Ал ұзақ мерзімді келісімшарт аясында біз жыл сайын бағаны тағы 10% түсіріп отыруға міндеттіміз. Бұл үнемделген миллиардтаған теңгеге мемлекет тағы да мыңдаған пациентті тегін дәрімен қамти алады. Біздің сапамыз халықаралық стандарттарға сәйкес, бірақ бағамыз қолжетімді.

– Цифрлық таңбалау енгізілсе де, контрафакт мәселесі неліктен әлі де өзекті?

– Таңбалау проблема емес, бұл – шешім. Мысалы, АҚШ-та таңбалау енгізілгенде нарықтың 8%-ы контрафакт екені анықталды. Қазақстанда бұл көрсеткіш қандай екенін ешкім білмейді. Контрафакт мәселесінің өзекті болуы – халықтың хабарсыздығынан. Әрбір пациент дәріханадан дәрі алғанда Naqty Onim мобильді қосымшасын орнатып, смартфоны арқылы QR-кодты сканерлеп тексере алады. Егер киім жалған болса, бұл жай ғана ақша шығыны, ал егер балаларға арналған антибиотик жалған болса – бұл қылмыс, өмірге қауіп. Біз бұл туралы дауыстап айтуға тиіспіз. Заңсыз өнім сататындар кешкі жаңалықтардың басты тақырыбына айналып, қатаң жазалануға тиіс. Сонда ғана нарық тазарып, пациенттер қауіпсіз болады.

– Адам мырза, мазмұнды әрі ашық сұхбатыңыз үшін көп рақмет!

Айнұр Мұхади
Сейсенбі, 21 Сәуір, 2026 15:12