Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әке болу да – мамандық": Артур Асқарұлы әкелік өмірі туралы айтты

Блогер Арчи
Фото: Видеодан скриншот

Вайнер әрі блогер Артур Асқарұлы “Отец” подкастына берген сұхбатында әкелік өмірі туралы айтты. Жас әкенің сәбиі дүниеге келгеніне 38 күн болған. Ол жары екеуі өмірге енді бейімделіп келе жатқан баласына жақсы ата-ана болу үшін барын салып жүргенін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Блогер жасөспірім кезінде ата-анасының екі жаққа кеткенін айтты. Соған қарамастан, бүгінде әкесімен араласып тұратынын, одан көп нәрсе үйренгенін алға тартты. Блогердің сөзінше, ол психологиялық жарақаттарымен ұзақ жұмыс істеген, психологтардың көмегіне жүгінген. Соның нәтижесінде әкесіне деген реніші қалмаған.

Ол осындай жағдайға тап болған жандарға да психологтың көмегіне жүгініп, өзімен жұмыс істеуге кеңес берді. Блогердің айтуынша, ішкі мәселелер болашақта отбасы құруға, жұбайымен дұрыс қарым-қатынас орнатуға кедергі келтірмеуі керек.

Артурдың сөзінше, оған тұңғышының ұл немесе қыз болуы ол үшін аса маңызды болмаған.

“Маған сәбиім дүниеге келген сәтте оның ұл не қыз екені маңызды болған жоқ. Бірақ ұл бала қызға қарағанда тынышырақ секілді. Қызым болса, оған көбірек уайымдайтын едім”, – дейді ол.

Блогер жұбайы Замира босанған кезде оның жанында болғанын айтты. Блогер мұндай сәтте ер азаматтың қолдауы өте маңызды деп санайды. Оның сөзінше, жұбайының жанында болу әйелдің өзін қауіпсіз сезінуіне, сабыр сақтап, тыныштық күйін жоғалтпауына көмектеседі.

Артурдың жақсы әке болуға талпынуына өз әкесі әсер еткен көрінеді. Блогер әкесінің “Мен сияқты әке болма” деген сөзі оған ерекше ой салғанын алға тартты. 

“Бала кезімде ренжіген кездерім көп болды. Бірақ өзім әке болғанда көп нәрсені түсіндім”, – дейді Артур.

Блогер бала күтімінде жарына барынша көмектесетінін айтты. Ө

“Баланы емізуден басқаның бәрін жасауға тырысамын. Білмесем, үйреніп жүрмін”, – дейді жас әке.

Подкаст барысында жүргізуші Артурдан болашақта баласы осы сұхбатты көрсе, оған не айтарын сұрады.

“Сенің бізбен мақтанғаныңды, біздің сенімен мақтанғанымызды қалаймын. Қалай болады, кім боласың, қандай боласың – маңызды емес. Бастысы, бәріміз бірге, аман болсақ болды”, – деп жауап берді блогер.

Артур әке болу – үлкен жауапкершілік деп есептейді. Тіпті оны жеке бір мамандық деуге болады.

Еске салайық, бұған дейін биыл сәуірде Арчи лақап атымен танымал 28 жастағы блогер Артур Асқарұлы ұлды болғаны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 01 Маусым, 2026 22:30