Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көкшетаудағы жағалау құрылысын салу кезінде 170 млн теңге жымқырылған: Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бұрынғы басшысы сотталды

Қопа көлі
Фото: Stan.kz тілшісі түсірген

Көкшетауда "Қопа" көлі жағалауындағы құрылысқа бөлінген 170 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған үш адамға сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2026 жылғы 20 сәуірде Көкшетау қалалық соты бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша үш айыпталушыға қатысты үкім шығарды.

"Іс материалдарына сәйкес, Көкшетау қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бұрынғы басшысы, техникалық қадағалау өкілі және мердігер ұйымының басшысы кінәлі деп танылған. Олар Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі (аса ірі мөлшерде алаяқтық), 361-бабы 4-бөлігі (лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану) және 218-бабы (қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру) бойынша жауапқа тартылды", – делінген хабарламада.

Ақмола облысының арнайы прокурорлары жүргізген тергеу барысында 2020 жылы "Қопа" көлі жағалауындағы құрылыс кезінде ұйымдасқан топ 170 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырғаны анықталған. Тергеу дерегінше, кейін бұл қаражат заңдастырылған.

"Сот үкімімен айыпталушылардың әрқайсысы 5 жыл 8 ай, 6 жыл 8 ай және 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ", – деді Көкшетау қалалық соты.

Еске салайық, бұған дейін қаржы мониторинг агенттігі Шымкентте алма бақтарын дамытуға бөлінген 430 млн теңгеден астам бюджет қаражатының жымқырылғанын хабарлаған еді. Тергеу дерегінше, қордың бұрынғы басшысы жақын адамдарын тартып, жалған құжаттар арқылы орындалмаған жұмыстарды “жасалды” деп көрсетіп, қаржыны заңсыз иемденген. Сонымен қатар, агроөнеркәсіпті қолдауға арналған субсидиялар да жалған кооперативтер арқылы рәсімделіп, қаражаттың басым бөлігі қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 21 Сәуір, 2026 15:39