Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балалар еденге жатып, суға түспеген": "Өзенмұнайгаз" қызметкерлерінің балалары барған лагерь талапқа сай болмай шығып, 315 мың теңге айыппұл арқалады

Өзенмұнайгазының лагері

Фото: Азамат Сәрсенбаевтың желідегі парақшасынан

Алматы мен Астанада балаларға арналған жазғы лагерьлердің жағдайына қатысты жаңаөзендік ата-аналар наразылық білдірді. “Өзенмұнайгаз” қызметкерлерінің балалары демалған "Айналайын" лагеріне қатысты орын тапшылығы және қауіпсіздік талаптарының сақталмауы жөнінде шағымдар көбейген. Ата-аналардың сөзінше, кейбір балалар бір кісілік төсекке екеуден жатқан, тіпті еденде ұйықтауға мәжбүр болған. Балалардың өздері де ата-аналарына хабарласып, лагерьден алып кетуді сұраған. Осы жағдайға байланысты Stan.kz тілшісі мәселенің мән-жайын анықтау үшін құзырлы органдардан жауап алды.

“Бір ғана лагерьді таңдап, конкурс өткізе береді”

Осы мәселеге қатысты ақтаулық блогер, қоғам белсендісі Азамат Сәрсенбаев әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

"Осы өтініш арқылы Алматы және Астана қалаларында қызмет атқарған “Айналайын” лагерінде балалар демалысын ұйымдастыру кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасының өрескел және жүйелі түрде бұзылған фактілері, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдері және жекелеген лауазымды тұлғалар осы лагерьдің мүддесін қорғауы мүмкін деген белгілер бар екенін хабарлаймын", – деп жазды Азамат Сәрсенбаев.

Азамат Сәрсенбаевтың айтуынша, "ӨзенМұнайГаз" АҚ қызметкерлері жолдаған шағымға лагерьдегі антисанитариялық жағдайлар, сынған жиһаздар мен жабдықтар, сондай-ақ балалардың тығыз орналастырылғанын дәлелдейтін материалдар қоса тіркелген.

"Өңірде балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыра алатын басқа да компаниялар болғанына қарамастан, соңғы 7-8 жыл бойы бір ғана "Айналайын" компаниясы жеңімпаз атанып келеді. Осындай жағдайлар қоғамда сұрақ тудырып отыр. Бір компания жыл сайын тұрақты түрде таңдалып отырса, конкурс қаншалықты әділ өтті? Ал, ең бастысы, балалардың қауіпсіздігі мен жағдайы неге ескерусіз қалған?" – дейді қоғам белсендісі.

Ата-аналардың сөзінше, олар бұл мәселемен бірнеше рет "ӨзенМұнайГаз" басшылығына жүгінген. Алайда демалысты ұйымдастырушыны ауыстыру туралы талаптар еш нәтиже бермеген. 

Лагерге барған Жаңаөзендік балалардың ата-аналары әлеуметтік желіде жаппай шағымданып, балалардың тұрмыс жағдайы, қауіпсіздігі мен күтімі сын көтермейтінін айтты.

ата-аналарды лагерьге шағымыФото: Әлеуметтік желіден скрин

Ата-аналардың сөзінше, лагерьде қарапайым санитарлық талаптар сақталмаған, су тапшылығы болған, маса көбейіп кеткен, ал кей балалар бір кереуетке екеуден жатқан. Сонымен қатар ата-аналар лагерь таңдауда балама ұсынылмайтынын, жылдар бойы бір ғана лагерьге жолдама беріле беретінін алға тартады.

"Балаларым 2 жыл қатарынан осы лагерьге барды. Басқасын айтпағанда кәдімгі беті-қолын жуатын су жоқ, масаға таланып келді. Бірақ әлеуметтік желіге күшті қылып салып қояды", – дейді ата-ана.

Тағы бір қолданушы лагерьдегі медициналық көмектің қолжетімсіздігін айтып шағымданған.

"Мені де осы лагерьге жіберген. Тәрбиешілер өте нашар болды. Қатты ауырып қалдым, қан қысымым көтерілді. Тәрбиешіге барсам, ол медбикеге өзім баруымды айтты. Ал медбике мені қабылдамады, өйткені тек тәрбиешімен бірге келу керек екен. 4-қабатқа қайта көтеріліп, сұранып, ақыры бірге бардық. Құрбым тәпішкесін жоғалтып алды, себебі барлық тәпішке дәлізде шашылып жатқан. Тәрбиешіге барсақ, ол тағы да ұрысып, бізді “басымды ауыртып жіберді" деп айыптады. Кейін телефон таратқанда құрбым анасына хабарласып, шағымданды. Түнде бәрімізді жинап алып, ата-анамызға шағымданғанымыз үшін тәрбиеші ұрысты", – деп еске алды тәрбиеленушілердің бірі.

шағым

 

Фото: Әлеуметтік желіден скрин

Кей ата-аналар лагерь таңдауда ашықтықтың жоқтығына назар аударған.

"Менің ұлым 3 жылдан бері бір ғана лагерьге барып жүр. Басқа лагерь сұрасаң, “тек осы ғана бар” деп жауап береді. Өте өкінішті", – деп айтты ата-ана.

Сондай-ақ тағы бір пікірде бұл жағдайдың жүйелі сипат алғаны айтылған.

"Біздің балалар “Айналайын” лагерінен басқа ештеңе де, ешқашан көрмейді. Неге жылдар бойы таңдау жоқ? Бұл жемқорлық қашан тоқтайды?" – дейді ата-ана.

ата-ананың реніші

Фото: Әлеуметтік желіден скрин

Ал өзге пікірлерде ата-аналар мен желі қолданушылары бұл жағдайға кәсіподақтар мен жауапты тұлғалардың әрекетсіздігі себеп болуы мүмкін екенін айтып, тіпті сыбайлас жемқорлық белгілері бар деген күдік білдіреді. Кейбірі лагерьдің жыл сайын бір компания тарапынан ұтып алынуын "монополияға" теңеп, ал кейбірі балалардың жағдайына алаңдаушылық білдіріп, мәселені жоғары деңгейде қарауды талап еткен.

Редакция компанияның ресми сайтына кіріп, 2024 және 2025 жылы жарияланған есептерін қарап шықты. Шолу жасасақ, ірі компаниялардың әлеуметтік жобаларға бөлетін қаражаты аз емес. Мысалы, "ӨзенМұнайГаз" компаниясында қызметкерлер мен олардың балаларына арналған әлеуметтік шығындар 2025 жылы 340,5 миллион теңге болған. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 817,5 миллион теңге болғаны көрсетілген.Өзенмұнайгаздың есебіФото: ӨзенМұнайГаз" компаниясы

“Кәсіподақ таңдалған лагерьлермен тікелей келісімге отырады”

Осы ретте редакцияның сауалына жауап ретінде "Өзенмұнайгаз" АҚ аталған жағдайға қатысты түсініктеме берді. Компанияның мәліметінше, әлеуметтік желіде таралған бейнероликтер мен фотосуреттер 2025 жылдың жаз мезгілінде Алматы маңындағы "Айналайын" лагерінде түсірілген.

"Видеолар, фотолар 2025 жылдың жаз мезгілінде "Айналайын" лагерінде бір лек пен келесі лек ауысқан сәтте (пересмена кезінде) түсірілген. Жаңадан келген балалар бөлмелерді жуып-тазалау жұмыстары аяқталғанша қысқа уақытқа ғана уақытша орналастырылған. Жағдай жедел түрде реттеліп, балалар тазаланған өз бөлмелеріне орналастырылды", – деп пікір білдірді компания басшылығы.

Сондай-ақ "Өзенмұнайгаз" АҚ балалар сауықтыру лагерьлерін таңдау тәртібін де түсіндірді. Олардың мәліметінше, лагерьлер кәсіподақ ұйымдары мен әлеуметтік сала өкілдерінің қатысуымен арнайы комиссия арқылы таңдалады. Комиссия лагерьлердің ұсыныстарын қарап, балалардың тұратын орындарын тікелей барып қарап бағалайды. Сөйтіп, шешім қабылданып, ол тиісті хаттамамен рәсімделеді екен. Компания өкілдері мұндай процесте тендер өткізілмейтінін де атап өтті. 

"Себебі лагерьлерді таңдау комиссия шешімі арқылы жүзеге асырылады. Таңдау аяқталған соң "Өзенмұнайгаз" АҚ кәсіподақ ұйымымен келісімшарт жасайды, ал кәсіподақ өз кезегінде таңдалған лагерьлермен тікелей келісімге отырады", – деп жауап берді компания.

Бұдан бөлек, әрбір лекпен бірге компания қызметкерлері жіберілетіні, жазғы маусым кезінде кәсіподақ өкілдері мен әлеуметтік сала мамандары лагерь жұмысына тұрақты бақылау жүргізетіні айтылды. Сонымен қатар ата-аналардың балаларымен бейнеқоңырау арқылы үнемі байланыста болып, жағдайын біліп отыратыны да атап өтілген.

“Санитарлық талаптар бұзылғандықтан 314 560 теңге көлемінде айыппұл салынды”

Алматы облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті "Ainalain Camp" жазғы лагеріне қатысты жүргізілген тексеріс нәтижелерін мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, 2025 жылы түскен шағым негізінде лагерьде бірқатар санитарлық талаптардың бұзылғаны анықталған.

"2025 жылдың шілде айында департаментке Сүлеймен Демирел университеті базасында жұмыс істеген “Ainalain Camp” лагеріне қатысты шағым түсті. Шағымда санитарлық талаптардың бұзылғаны, тұрғын бөлмелердің, санитарлық тораптардың және асхананың жағдайы қанағаттанарлықсыз екені, дезинфекцияның жүйелі жүргізілмейтіні көрсетілген. Осыған байланысты жоспардан тыс тексеріс жүргізілді", – деп жауап берді департамент.

Тексеру барысында лагерьдегі заңбұзушылықтарға байланысты айыппұл салынғаны да белгілі болды.

"Тексеру барысында тұрғын бөлмеде жарық шамының плафоны болмағаны, санитарлық-техникалық жабдықтардың тиісті деңгейде тазаланбағаны, медициналық пункт дәліздерінде қабырғалардың сылақ қабатының бұзылғаны анықталды. Осылайша, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, 314 560 теңге көлемінде айыппұл салынды және заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді", – делінген жауапта.

Сондай-ақ ведомство лагерьдің қазіргі жағдайы мен жалпы бақылау жүйесіне тоқталды.

"Нұсқаманы орындау мерзімі 2025 жылғы 18 тамызға дейін белгіленді. Алайда лагерь жазғы маусым аяқталғаннан кейін жұмысын тоқтатқан. 2026 жылы бұл нысан бойынша шағымдар түскен жоқ. Жалпы балалар лагерлеріндегі санитарлық талаптардың сақталуы жүйелі түрде бақылауда болады. Алдын ала санитарлық қорытынды беру, мониторинг жүргізу және шағымдар бойынша тексерістер ұйымдастырылады", – деп мәлімдеді департамент.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 21 Сәуір, 2026 13:15