Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасының талаптары күшейтілді

пәтер
Фото: info.homsters.kz

Қазақстанда жалға алынған баспананың 50%-ын мемлекет өтейтін бағдарлама ережелері өзгертілді. Негізгі мақсат субаренда мен жалған тіркеу сияқты заңсыз схемаларды жойып, шынымен сол баспанада тұрып жатқан адамдарға ғана көмек беру. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Крыша сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Жалға алу ақысын субсидиялау деген не?

Бұл бағдарлама 2022 жылдан бері жұмыс істейді. Мемлекет қатысушының жалдау ақысының 50%-ын төлейді. Тұрғын үйдің ауданы мен жалдау ақысына шектеулер бар.

Субсидияны келесі санаттағы азаматтар ала алады:

  • көпбалалы отбасылар;
  • жетім балалар;
  • I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар;
  • мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар.

Табыс мөлшері бір адамға шаққанда күнкөріс минимумынан аспауы тиіс. Бұл 2026 жылы 50 851 теңге. Мысалы, 5 адамнан тұратын отбасы үшін шекті табыс — айына 254,2 мың теңге.

Жыл сайын шамамен 10 мың отбасы осы көмекті алады. Бағдарламаның операторы — “Отбасы банк”. Үшжақты келісім жасалады: банк, жалға алушы және үй иесі арасында.

Өтінішті кез келген уақытта otbasybank.kz арқылы беруге болады.

Не өзгерді?

1. Барлығы цифрлық форматқа көшеді

  • Енді өтініш беру мен тексеру толық онлайн жүргізіледі:
  • өтініштер онлайн тапсырылады;
  • мәліметтер мемлекеттік базалар арқылы автоматты тексеріледі;
  • барлық әрекет жүйеде тіркеледі.

2. Тексерулер тұрақты болады

Әкімдіктер әр тоқсан сайын тексеріс жүргізе алады:

  • субсидия алушы сол мекенжайда шынымен тұра ма;
  • бөтен адамдар жоқ па;
  • пәтер заңсыз қайта жалға берілмеген бе?

3. Бұзушылықтарға қатаң мерзім енгізілді

Егер пәтерде бөгде адам тұрып жатса, 3 күн ішінде жағдайды түзету қажет.

Егер талап орындалмаса немесе қайта бұзылса:

  • субсидия тоқтатылады;
  • қайта қалпына келтіру мүмкін болмайды.

4. Туыстардан жалға алуға тыйым сақталады

Бұрынғыдай туыстардан (соның ішінде бұрынғы жұбайлардан) үй жалдауға болмайды.

Енді бұл талапты бұзғандарға жаза да күшейтілді:

  • субсидия толық тоқтатылады;
  • қайта алу мүмкіндігі берілмейді.

Бұл өзгерістер 12 шілдеден бастап күшіне енеді.

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 21 Сәуір, 2026 15:46