Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы пәтерлер бағдарламасы тоқтатылды

Фото: pixabay.com

Вице-премьер – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстанда Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы пәтерлер бағдарламасы аяқталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бағдарлама жас мамандарға белгілі бір мерзімге қолжетімді тұрғын үй беру арқылы кәсіби тәжірибе жинауға және өз пәтерін сатып алу үшін бастапқы жарна жинауға мүмкіндік беретін. Ай сайынғы жалдау ақысы 5 –15 мың теңге аралығында болды. Бағдарлама 10 мыңнан астам жас қазақстандықты қамтыды.

"9 қаңтарда Қазақстанның Құрылыс кодексі қабылданды, сондай-ақ заңнамаға өзгертулер енгізілді. Соларға сәйкес, 27 наурыздағы бұйрықпен жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы пәтерлер бағдарламасы тоқтатылды. Жоғарыдағы тұрғын үй қорының әрі қарай пайдаланылуы жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде және тұрғын үй заңнамасына сәйкес шешіледі", – деді Аида Балаева.

Аида Балаева бағдарламаның шарттары туралы да еске салды. 

"Шарттар әр кезеңде нақты рәсімделді, соның ішінде пәтерді беру мерзімі өзгерді. Бастапқыда келісімшарттар 5 жылға жасалды, 2023 жылы 3 жылға қысқартылды. Бірақ принцип өзгерген жоқ: пәтерлер тек жалға берілді, сатып алу құқығы жоқ. Кейбір қатысушылар оны өз атына қалдырғысы келді, бірақ мемлекеттік шешімдер заңға және барлық азаматтар үшін тең ережелерге сүйенуі тиіс. Егер келісімшартта сатып алу қарастырылмаған болса, оны жеке өзгертсек, бұл әділетсіздік тудырады", – деп қосты ол. 



Қазір бағдарламаның тоқауына байланыты, егер пәтерді жалдау мерзімі қазір аяқталса, келісімшарт және ережелер бойынша әрекет ету керек. Егер келісімшарт әлі жүріп жатса, тұрғындар келісімшарт мерзімінің соңына дейін тұра алады.

Сонымен қатар, министр жастарға арналған жаңа, тұрақты қолдау құралдарын таныстырды:

"17 өңірде "Отбасы банкі" арқылы жеңілдетілген ипотека бағдарламалары іске қосылды. Оған 12 мың жас маман ие болды. Олардың 1 600-ден астамы бұрынғы жалдамалы пәтер бағдарламасының қатысушылары. Сонымен қатар, жастар "Отау", "Наурыз", "Наурыз Жұмыскер" сияқты республикалық бағдарламалар арқылы тұрғын үй сатып ала алады. Қазіргі уақытта мақұлданған өтініштердің 62%-ы 35 жасқа дейінгі азаматтарға тиесілі",  – деді министр.

STAN.KZ
Сенбі, 04 Сәуір, 2026 19:11