Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Моңғолия президентін "Алтын Қыран" орденімен марапаттады

Алтын қыран ордені
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсухты Қазақстанның ең жоғары мемлекеттік наградасы "Алтын Қыран" орденімен марапаттады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мемлекет басшысы тарихи сапар аясында марапаттау рәсімін өткізу қазақ тарапы үшін зор мәртебе екенін атап өтті.

"Біз Сізді өз халқын алға бастап келе жатқан парасатты, білікті, ірі саясаткер деп білеміз, сыйлаймыз. Моңғолияны көркейту жолындағы қажырлы еңбегіңізді жоғары бағалаймыз. Салиқалы саясатыңыздың арқасында еліңіз өсіп-өркендеп келеді. Өзіңіздің бастамаңызбен түрлі салада тың жобалар жүзеге асырылып жатыр. Моңғолияның экономикасы дамып, халқыңыздың әл-ауқаты жақсарды. Сонымен қатар еліңіздің аймақтағы және әлемдегі беделі арта түсті. Сіздің басшылығыңызбен моңғол жұрты алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра беретініне кәміл сенеміз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент екі ел арасында шынайы достық пен өзара құрметке негізделген қарым-қатынас орнағанына тоқталды.

"Сіз Моңғолия Үкіметін басқарған кезде екі елдің экономикалық ынтымақтастығын дамытуға тікелей атсалысқан едіңіз. Енді, міне, Мемлекет басшысы ретінде бұл бағыттағы жұмысты жаңа қарқынмен жалғастырып келесіз. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қазақ-моңғол байланысы стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді. Бүгін қол жеткізілген маңызды келісімдер достығымызды одан әрі бекемдей түсетіні сөзсіз", – деді мемлекет басшысы.

Тоқаев қазіргі алмағайып, дүбірлі кезеңде осы ықпалдастығымызды күшейтудің мәні айрықша екенін атап өтті.

"Бұған барлығымыз да мүдделіміз. Сіз қазақ-моңғол қарым-қатынасын нығайтуға зор еңбек сіңірдіңіз. Осыған орай, мен Өзіңізді Қазақстан Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – "Алтын Қыран" орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Бұл награда – барша қазақ халқының Сізге және бауырлас моңғол жұртына деген ерекше құрметінің белгісі. Қазақстан мен Моңғолияның достығы мәңгі болсын", – деді Мемлекет басшысы.

Ухнаагийн Хурэлсух Қасым-Жомарт Тоқаевқа жоғары марапат тапсырғаны үшін алғыс айтып, Қазақстанмен достық қарым-қатынасты одан әрі дамыту жолында барынша күш-жігер жұмсауға дайын екенін жеткізді.

Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ухнаагийн Хүрэлсүх түрлі халықаралық алаңдарда кездесіп, екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылаған еді. Екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылы орнап, содан бері саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстар кезең-кезеңімен дамып келеді.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 21 Сәуір, 2026 16:59