Желіде Маңғыстау облысындағы қоқыс толған дала түсірілген видео жұртты шошытты (видео)

Белгілі экобелсенді Азамат Сарсенбаев желіге Маңғыстау облысындағы қоқыс жиналған алқапта түсірілген видео жариялады. Ал бұл жайтқа Маңғыстау облысының әкімдігі анықтап жатырмыз деп жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Экобелсендінің Instagram парақшасында жариялаған видеодан қоқысқа толған иен даланы және жайылып жүрген түйені көруге болады. Ал жазбаға “Ұлы Маңғыстау даласы...” деп жазылған.
Бұл видео желі қолданушыларын бейжай қалдырмады. Бірі видеоны жалған десе, енді бірі мәселені шешу жолдарын ұсынып, сенбілікке шақырып жатыр.
“Қазір күн жылынды. Бір демалысты арнап шығайық. Азамат, сіз ұйымдастырыңыз күн ысып кетпей тұрғанда. Біз қолдаймыз! Әр адам қасына 2-3 адам алып шықса керемет болады”, “Біздің көп халықтың санасы шашып, атын жинамай кетуге ғана жетіп тұр”, “Негізінен туристер емес, жергілікті тұрғындар сияқты. Ауылдарда қоқысты өртеп жіберетінін айтпағанда, бұл экологияға зиян”, “Өтінемін, бұл Жасанды интеллект деп айтыңызшы”, “Тұтас Экология министрлігін тарату керек”, “Пластик пакеттерге әлдеқашан тыйым салу керек еді. Қытай, Грузия, Өзбекстан, Италия, Франция, Аустралия сияқты елдерде бұл тәжірибе бар”, – деп жазды желі қолданушылары.
Жергілікті билік не дейді?
Аталған жағдайға Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жауап берді. Олардың мәліметінше, бұл аумақ Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Баянды ауылында орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны екен.
“Мұнда қалдықтарды орналастыру мен жинақтау белгіленген нормаларға сәйкес жүргізіледі. Сонымен қатар жеңіл фракциялы қалдықтар кей жағдайда технологиялық және табиғи факторлардың әсерінен іргелес аумаққа таралуы мүмкін”, – делінген жауапта.
Басқарма мәліметінше, бұл аумаққа жақында ғана сенбілік жүргізіліп, тазаланған. Алайда кейін өрт болып, жеңіл қалдықтар жан-жаққа тарап кеткен дейді.
“Биыл 18 сәуірде полигон аумағында және оған жақын учаскелерде сенбілік ұйымдастырылды. Жоспарлы санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде аумақ тиісті санитарлық жағдайға келтірілген. Алайда 20 сәуірде полигон маңында өрт орын алған. Өртті сөндіру кезінде және желдің күшеюі салдарынан жеңіл қалдықтар (плёнка, қағаз және басқа материалдар) қайтадан полигоннан тыс жерлерге таралған. Қазір тіркеліп отырған жағдай осыған байланысты”, – делінген жауапта.
Басқарма мәліметінше, бұл жағдай уақытша сипатқа ие .
“Бұл жағдайға қарап полигонда күтіп-ұстау жұмыстары жүргізілмейді деп ойлауға негіз жоқ. Қазір полигон аумағы мен оған іргелес жерлерді толық тазарту бойынша жедел жұмыстар жүріп жатыр. Арнайы техника мен тиісті қызметтер жұмылдырылған. Жұмыстар күшейтілген режимде өтіп жатыр”, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар басқарма тазалау жұмыстары қысқа мерзімде аяқталып, нәтижесі бойынша фотоесеп ұсынылатынын мәлімдеді. Қазір жағдай жергілікті атқарушы органның тұрақты бақылауында екен.
Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстауда табиғи маңызы бар аймақты туристер әсерлі видео үшін көлігімен бүлдіргені туралы жазған едік.
"Балалар еденге жатып, суға түспеген": "Өзенмұнайгаз" қызметкерлерінің балалары барған лагерь талапқа сай болмай шығып, 315 мың теңге айыппұл арқалады
Оқыңыз