Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда мамырдан бастап зейнетақы жинағын алуға арналған шек көтерілуі мүмкін

зейнетақы қорындағы ақша
Фото: Stan.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Қазақстанда зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу үшін белгіленген жеткіліктілік шектерін қайта қарау мамыр айында жүзеге асатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Министрдің айтуынша, тиісті қаулы жобасы екі рет мемлекеттік органдардың келісуіне жіберілген. 

"Алғашқы нұсқада жеткіліктілік шектерін болжамды инфляция деңгейіне сәйкес арттыру ұсынылған. Алайда басқа мемлекеттік органдар шектерді есептеудің баламалы әдісін ұсынып, оларды әртүрлі санаттар бойынша саралап көтеруді жөн көрген. Қазір министрлік сол ұсыныстарды күтіп отыр. Есептеулер дайын болған соң, бір нақты формула таңдалып, құжат қайтадан келісуге жолданады", – деді Асқарбек Ертаев.

Министр шектерді арттыру қажеттігін азаматтардың болашақта лайықты зейнетақы алуы тиіс екенімен түсіндірді. 

"Кейінгі бес жылда қазақстандықтар зейнетақы қорынан шамамен бес триллион теңге алған. Қаражат негізінен тұрғын үй жағдайын жақсартуға және емделуге жұмсалған. Дегенмен, жинақтарды толық пайдаланып қою болашақта төмен зейнетақы алу қаупін тудырады", – деді министр.

Сондай-ақ жеткіліктілік шектерін есептеуде жаңа актуарлық тәсілді енгізу ұсынылып жатыр. Бұл әдісте адамның жасы, болашақтағы төлемдер, инвестициялық табыс және демографиялық көрсеткіштер ескеріледі. 2026 жылғы 1 сәуірдегі мәлімет бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында 4 миллион 384 мыңнан астам өтініш орындалған. Оның ішінде 3 миллионнан астамы тұрғын үй жағдайын жақсартуға, ал 1 миллионнан астамы емделуге бағытталған. Жалпы алынған қаражат көлемі шамамен 5,68 триллион теңгені құрайды.

Айта кетейік, жеткіліктілік шектері соңғы рет өткен жылдың соңында 10 пайызға өсірілген. Қазіргі таңда олар жас ерекшеліктеріне қарай 3,72 миллионнан 10,7 миллион теңгеге дейінгі аралықты қамтиды. Мысалы, 20 жастағы азаматтар үшін шек 3,72 миллион теңге болса, 30 жаста 5,12 миллион, ал 40 жаста 6,72 миллион теңге деңгейінде белгіленген.

Жалпы алғанда, егер жаңа өзгерістер қабылданса, зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу талаптары қатаңдауы мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық әйел өзінің болашақ зейнетақысын есептеткізіп, көңілі қалғаны туралы жазған едік. Қаржы сарапшысы Гүлнар Әмірғалидің есебі бойынша, айына 350 мың теңге табыс табатын, 19 жыл еңбек өтілі бар азаматша 2050 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан небәрі 73 мың теңге шамасында төлем алуы мүмкін. Маманның айтуынша, мұндай төмен көрсеткіш зейнетақы жүйесіндегі негізгі мәселені, яғни жарналардың аздығын көрсетеді. Қазір қызметкерлер жалақысының тек 10%-ын аударады, болашақта лайық зейнетақы алуға жеткіліксіз деп еді. Сарапшы қазақстандықтарға тек міндетті зейнетақыға сенбей, қосымша табыс көздерін қарастыру қажет екенін ескертті.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 21 Сәуір, 2026 17:52